Жүргіншілерге жағдай жасау басты мақсат. Қаланы көк түтіннен азат ету жолында ауқымды жобалар іске асырылып жатыр. «Алматы - көліктен азат қала» бағдарламасының аясында шаһарда жаяу жүретін адамдарға арнап, тиісті жағдай жасалып жатыр. Қаладағы көшелерінде жүргіншілер жолдарын жаңартуға байланысты жүріп жатқан құрылыс жұмыстары барысын қала әкімі Бауыржан Байбек тексеріп шықты.
Бүгінде, «Астана» алаңында күрделі жөндеу басталып кеткен. Көп ұзамай, бұл аумақ гүлге оранған жайлы орынға айналмақ. Көлік қозғалысы жолағы қысқарып, босаған кеңістіктерге қосымша ағаштар отырғызылады. Жаяу адамдар жолы, көлік легі екіге бөлінеді. Автотұрақ аймағы шектеледі. Жаңадан салынатын субұрқақтар қала ажарына сән қосады.
¤Алаңның солтүстік бөлігіне гранит тастар төселмек. Құрылыс жұмысын қыркүйектің аяғына аяқтау жоспарланған. Одан өзге, Панфилов көшесінде жүргіншілер жолдары да жаңартылып жатыр. Жоба бойынша Қабанбай батыр көшесінен Жібек жолы көшесіне дейін тек жаяу адамдар жүретін болады. Дәл осы аумақты жөндеу жұмыстары кезінде құрылысшылар көне қаланың кеспе тастарын тапқан. Қала әкімі Бауыржан Байбек енді сақталып қалған тастарды іріктеп алып, Панфилов көшесінің жүргіншілер жолына төсеуді тапсырды. Тарихшы, сәулетші Алмас Ордабаев табылған көне тас осыдан 80 жылдан аса уақыт бұрын, тіптен бір ғасыр бұрын салынған болуы мүмкін дейді.
«Кеспе тас бұрынғы үкімет алаңының жұрнағы. Қазіргі кезде Жүргенов атындағы өнер академиясы орналасқан аймақ Алматыдағы алғашқы үкімет үйінің аумағы болатын. Бұл кеңістік ғимарат айналасын ғана емес, бұрынғы Киров, қазіргі Бөгенбай батыр көшесін де қамтиды. Кейін кеспе тастар Киров көшесінен Фурманов көшесіне дейін төселді, соғыстың алдында немесе соғыстан кейін бе, кеспе тастардың бір бөлігі Түрксіб ғимараты мен Жилкомбинаттың қарсысындағы Киров көшесінде қалып қойды. Бұл - ерекше қызық архитектуралық ескерткіш»,- деді Сәулетші, тарихшы, Алмас ОРДАБАЕВ.
Алматыға осыдан 81 жыл бұрын көшіп келген Надежда Непомилуева көне шаһардың келбетін әлі ұмытпапты. Кейуана сабақтан босаған кезде уақытынының барлығын осында өткізген. Сондықтан ескі тастардың қайта төселуі тарихи кезеңді жаңартады деп санайды.
«Панфилов көшесі қаланың орталығы еді. Менің мектебім ол маңға жақын болатын. Сондықтан жиі баратынмын. Көлік ол кезде аз еді. Нағыз романтикалық қала. Ата-анамыз да біз сол көшеде жүргенімізде алаңдамайтын»,- деді Қала тұрғыны, Надежда НЕПОМИЛУЕВА.
Панфилов көшесіндегі құрылыс жұмысы бірнеше кезең бойынша жасалады. Жүргіншілер жолын жаңарту осы жылдың аяғында аяқталады деп жоспарлануда. Жобада бұрынғы келбетін сақтай отырып, Арбат учаскелері жеке функционалды аймақтарға бөлінеді. Отырып демалатын орындар саны көбейтілмек. Ал, бұрыннан бар субұрқақтар қайта жаңартылып, спорт, балалар алаңдары бой көтереді әрі кеспе тастар орнына гранит пайдаланылады.
Перизат Көмекбайқызы, Рашидин Якупов, «Алматы» телеарнасы