Елімізде келер жылдың 1-ші қаңтарынан бастап зейнетақы өседі. Сонымен, Қазақстанда ынтымақты зейнетақы көлемі 8 пайызға, ал базалық және басқа да жәрдемақы түрлері 6 пайызға көтерілмек. Онымен қоса, 1-ші шілдеден бастап базалық зейнетақыны тағайындаудың әдісі де өзгереді. Осыған дейін базалық зейнетақыны еңбек өтілі есепке алынбастан, барлығы бірдей алған. Бұдан былай оның мөлшері тікелей еңбек өтіліне байланысты есептеледі. Бүгінде елімізде базалық зейнетақы 14 466 теңгені құраса, ол сома келесі жылы - 28 284 теңге болады. Бұл ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызына тең. Оны 33 жыл қатарынан тынбай еңбек еткендер алады. 20 жылдық жұмыс өтілі бар азаматтар ең төменгі күнкөріс деңгейінің 74 пайызын, яғни 20 930 теңгеге қол жеткізеді. Ал 10 жылдық еңбек өтілі барларға 15 мың 274 теңге төленеді. Жалпы әр еңбек еткен жылға 2 пайыздан қосылады. Қазір елімізде базалық, жинақтаушы және ынтымақты, яғни үш деңгейлі зейнетақы тағайындау жүйесі бар. Базалық зейнетақы барлық азаматтарға берілсе, қалғаны әр азаматтың алған айлығы, еңбек өтіліне байланысты.
«Азамат жұмыс істесін немесе істемесін, оның тағайындалатын зейнетақысы барлықтарында бір мөлшерде. Бүгінгі таңда ол 14 666 теңгені құрайды. Келесі жылдан бастап егер де азаматтың еңбек өтілі 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін 20 жыл болатын болса, одан кейін 1998 жылдың 1 қаңтарынан бастап оның әр ай сайын зейнетақы жүйесіне қолдап отқан жарналары болатын болса жалпы еңбек өтілі 33 жылды құрайтын болса, ол азамат ең төменгі күнкөріс деңгейінің 100 пайызын алатын болады. Жаңағы базалық зейнетақы мөлшері сол деңгейде болады. Бұл 28 284 теңгені құрайтын болады», - деді Алматы қаласы бойынша Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон департаментінің басшысы Айдынжан НАРМАНОВ.
Айта кетейін, елімізде базалық зейнетақы алатын 2 млн-нан астам адам бар. Соның 221 мыңдайы Алматыда тұрады. Қалада биыл ең төменгі зейнетақы 45 711 теңге болды, ал 2018 жылы 49 019 теңгені құрамақ. Тағы бір айта кетерлігі, әйел азаматтардың зейнетке шығу жасы ұлғаяды.