Қарасай ауданының тұрғындары су астында қаламыз деп абыржулы

Қарасай ауданының тұрғындары су астында қаламыз деп абыржулы
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қарасай ауданының тұрғындары су астында қаламыз деп абыржулы. Себебі қалың нөсер салдарынан ауылдың бүкіл суы жалғыз арнада тоғысады. Дренажды жүйемен салынған арық көксайлықтарды түрлі селден қорғап келеді екен. Енді бұл жүйенің болу-болмауы екіталай. Себебі, осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекетке тиесілі жер жеке меншікке өтіп кеткен. Ал, меншік иесі жағасындағы ағаштарды шетінен отап жатыр.

Бұл Қарасай ауданына қарасты Көксай ауылындағы Тәуелсіздік көшесі. Мұнда кеңес уақытында салынған дренажды арық жүйесі орналасқан. Осыған дейін бұл арық арқылы ауылдың басынан аққан жауын-шашын суы өтетін. Енді көше тұрғындары бұл қорғандарынан да айырылатын түрі бар. Себебі, мемлекетке тиесілі жер 2006 жылы жеке меншік иесіне сатылып кеткен.  

«Мен частная собственность, что хочу то и ворочу дейді. Қалай бұл дренажная система сатылады, мен соны түсінбеймін? Мемлекеттік объект емес па дренажный канал? Бұл өзі салған жоқ, оны бұрын өкімет салған. Мен соны жауып тастаймын да үшке бөлдім, үш үй саламын что хочу то и делаю дейді. Үйімізді көктемде жауын жауғанда  затоп болады»,- деді «Көксай» ауылының тұрғыны, Райгүл ЗИЯБЕКОВА. 

Осылайша көксайлықтар көктем-күз айларында су астында қаламыз деп қауіптеніп отыр. Тіпті жол шетінде өскен қарағайлар жазда көлеңке болса, қыста қатты желден сақтап тұрар қамалға айналған. Енді бұл ағаштар да шетінен кесіліп жатқанға ұқсайды. Ал кей тұрғындар жерді сатып алған адамның құжаттары заңды екеніне күмәнді. 

«Менің ойымша, ол құжаттар жалған сияқты. Өйткені көрсетіп отырған қағаздары көшірме, ағаш кесуге арналған экологтардан алған рұқсаты жоқ. Мемлекетке тиесілі жер сатылмауы тиіс қой. Бұл заңсыздық үшін жауап алынуы керек»,- деді «Көксай» ауылының тұрғыны, Ирина БЕГЛОВА. 

Өзін жердің иесімін деп таныстырған мына азаматша, камераға түсуге қарсылық танытып, түсінік беруге асықпады. Десе де ол сатып алған жерін үшке бөліп, үй салуды жоспарлап отырған көрінеді. Мәселенің мән-жайына ауыл әкімі де араласып, бұл жердің бұрынғы басшылық кезінде сатылғаны белгілі болып шықты. 

«Қазір біз тұрғындар көрсетіп отырған жердің заңды түрде сатып алынғанын тексеріп жатырмыз. 2 жылдан бері Ауыл округінің әкімі болғалы бұл жерден ешқандай жер бөлінген жоқ. Өйткені бұл дренажды канал екендігін және оны сатуға болмайтынын жақсы білемін»,- деді Қарасай ауданы «Іргелі» ауылдық округінің әкімі, Қадірбек АТШАБАРОВ. 

Әзірге ағаш кесу шаралары тоқтады. Қазір сауданың заңды немесе заңсыз жүргізілгені анықталып жатыр. Егер жеке меншік иесінің құқығы расталса, көксайлық тұрғындар судан келер қауіптің болары айдан анық дейді. 

Назкен Байтілес, Валерий Таубалдиева, «Алматы» телеарнасы



Новости партнеров