Қаржылық есеп депозитарийіне уақытылы есеп берілмейді

22.08.2017 17:06

Қаржылық есеп депозитарийіне уақытылы есеп берілмейді. Алматыда 180-ге жуық қаржы ұйымы жыл сайын өздеріне тиесілі міндетін атқармайтын көрінеді. Заңда анық көрсетілгендей, қаржы мекемелері әр жылдың 31 тамызына дейін есеп берулерін аяқтап бітірулері тиіс. Әйтсе де, бұл мәселе әлі күнге дейін сағызша созылып келеді, дейді қалалық ішкі мемлекеттік аудит департаментіндегілер. Соның кесірінен, депозитарийге қаржылық ұйымдардың толық мәліметі түспейді. Бұл ретте құзырлы орган уақытылы есеп өткізбеген ұйымдарға әкімшілік айыппұл қарастырған. Өткен жылы 850 қаржы ұйымының 142-сі 50 млн теңге көлемінде айыппұл арқалады.


«Жалпы алғанда жыл сайын 150-ден 180-ге дейінгі қаржы ұйымдары депозитарийге уақытылы есеп бермейді. Қаржылық және аудиторлық есеп бермейді. Осының салдары департаменттің жұмысында сол қаржылық ұйымдарды айыппұл салуға әкеп  мәжбүрлейді. Осының салдарынан депозитарийге қаржылық ұйымдардың толық мәліметі түспейді», - деді  Қазақстан Республикасы ҚМ ІМАК Алматы қаласы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті жетекшісінің орынбасары Нариман БОТАНОВ.