Қаскелең қаласында қытайлық кәсіпкерге шабуыл жасалды

13.12.2016 16:19

Қаскелең қаласында қытайлық кәсіпкерге шабуыл жасалды. Бәз біреулер Қазақстан аумағындағы ірі қағаз өңдейтін зауыттың біріне баса көктеп кіріп, оның қожайынын өлімші етіп сабап кеткен.  Ауыр соққыдан кәсіпкердің миы шайқалып, тыныс алуы қиындаған. Жантүршігерлік оқиғаға байланысты Алматы облыстық Ішкі Істер Департаменті қылмыстық іс қозғап, қарақшыларды іздестіріп жатыр. Олардың кәсіпорынға қандай мақсатпен барғаны белгісіз. Ал, қызметшілер бұзақылар зауытқа ақша ұрлауға келуі мүмкін дегенді алға тартады.


Желтоқсанның 9-нан 10-на қараған түні сағат 2-лер шамасында бетін тұмшалаған үш жігіт, еліміздегі ірі қағаз өңдеп шығаратын белгілі зауыттың қос қабатты ғимаратына осы тесіктен баса көктеп кірген. Қарақшылар әуелі бірінші қабатқа түсіп, ондағы жұмысшылардың асханасынан әлдебір затты іздепті. Олардың бұл әрекеттерін тек бейнебақылау камерасы ғана жазып қалған. Асхананы әбден шарлап шыққан үшеу, жақын маңдағы бөлмелердің біріне бас сұғып, онда жатқан зауыт жұмысшысын соққыға жығыпты.


«Мына жердің барлығын ақтара бастады полностью. Мына жерде камера тұрған, ол камера істемейтін камера оны сындырып тастады. Төбелесіп жатып біреуін соқтым, екеуі мына жерде тұрған біреуі орысқа ұқсайды да, біреуі қазақ. Кеудесінен итерем деген кезде маскасын шешіп үлгерем, маскасы құлап қалады жерге. Енді қарай берген кезде, мына жақтан кеудеме тебеді мен мына жаққа қарай кетіп қалам»,- деді Зардап шегуші, Ернұр САЙБОЛАТОВ.


Еңгезердей үш жігітке, Ернұрдың шамасы жетпепті. Қарақшылар оны соққыға жығып, қол-аяғын байлап кеткен. Осы шудан үстіңгі қабатта жатқан зауыттың қожайыны оянып, дауыс шығарған. Сол сәтте бұзақылар дереу екінші қабатқа көтеріліп, кәсіпкерге жұдырықтарын ала жүгіріпті. Оны өлімші етіп сабап, күзетшілердің даусын естігесін маңайдан іздерін суытқан. Беттерін тұмшалаған еңгезердей үш жігіттен әбден таяқ жеген қытайлық кәсіпкердің миы шайқалып, тыныс жолдары мен құлағына қатты зақым келіпті.


«Әкемнің қазір жағдайы өте ауыр, беті-басы ісіп кеткен. Сөйлей алмайды, тіпті аузын әрең ашады. Құлағы да жөнді естімей қалды. Қатты уайымдап жүрмін, оны осындай күйге түсіргендер табылып, жазаларын алса екен деймін»,- деді Кәсіпкердің ұлы, Гохай ЛИНЬ.

 

Зауыт қызметкерлерінің сөзінше, қарақшылар бұл жерді тонауға келген. Өйткені, олар кәсіпорынның қаржылық мәселесімен айналысып, үнемі ақшамен жүретін директордың орынбасары Аццанның кабинетін іздеген көрінеді. Алайда, арам пиғылдарын іске асыра алмаған.


«Аталған факт бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 161 бабы, екінші тармағы яғни тонау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта, аталған қылмысқа қатысы бар деген күдіктілерді ұстау бойынша жедел іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл қылмыстық іс Алматы облысы ІІД бақылауында»,- деді Алматы облысы ІІД ресми өкілі, Айман МЫРЗЕКОВА.

  

Тәртіп сақшылары зауыттың барша қызметкерлерінен саусақ таңбасын алыпты. Қазір қызу тексеріс жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді. Ал, қарақшылардан секем алған зауыт басшылығы күзеттерін күшейткен.

 

Айдана Мейрамбайқызы, Рашит Шүкіралиев, «Алматы» телеарнасы