Қазақстанда автокөлігінің салығын төлемегені үшін көлік жүргізушісі екі күнге абақтыға қамалды

23.12.2016 16:39

Қазақстанда алғаш рет автокөлігінің салығын төлемегені үшін әкімшілік құқық бұзған көлік жүргізушісі екі күнге абақтыға қамалды. Алматы қаласының тұрғыны мемлекет алдында 525 мыңдай теңге қарызы бар. Салық төлеуден жалтарып жүрген жүргізушіге қарызын өтеу жайлы ескерту жолданып, банктегі шотына тыйым салынып, Қазақстан аумағынан тысқа шығу құқығынан айыру туралы шешім шықса да, берешегінің орнын толтыруды мүлдем ойламаған. Ақырында сот орындаушысы сотқа арыз түсірген. 


«Егер де, осы қамауға алғаннан кейін айыппұлды өтемесе, онда сот орындаушылары қылмыстық іс қозғау үшін сотқа құжаттар жинайды. Айтар тағы бір жайт бар. Қарыздар адамдардың арасында Қазақстанға танымал тұлғалар да бар. Тізімде мемлекеттік қызметкерлерді де кездестіресіз. Сәйкесінше, белгіленген уақытқа дейін төлем жүргізбесе, бұқаралық ақпарат құралдарына тізімді жариялаймыз»,- деді Алматы қаласы Медеу ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары, Қуаныш ТҮМЕНБАЕВ. ¤


Жеке тұлғалардың қарызы бар жоғы салық құпиясына жатпағандықтан, қаңтардың 4 күні бұқаралық ақпарат құралдарында барлық берешегі бар адамдардың тізімі жарияланады. Ал, қарызын төлеуге асықпайтындардың ісі алдағы уақытта сотқа жолданады. Айта кетейік, жеке тұлғалардың  көлігі үшін ағымдағы жылы салық төлеу мерзімі 31 желтоқсан күні аяқталады. Алматы қаласы бойынша 83 155 қарыз адам тіркеліп, олардың берешегі 3 млрд 800 млн теңгені құраған.