Қазақстандық үздік журналистерге «Үркер» сыйлығы берілді

29.06.2017 17:59

Төртінші билік өкілдерінің төл мерекесі. Дәл осы күні қоғамдық ойды қалыптастырып жүрген журналистерге тағы бір мемлекеттік сыйлық табысталады. Ол - баспа, радио және интернет журналистика саласына арналған тұңғыш ұлттық «Үркер» сыйлығы. 7 мамырдан бастау алған бұл конкурсқа 800-ден астам өтініш келіп түсіпті. Еліміздің ақпарат және коммуникация министрілігінің мұрындық болуымен ұйымдастырылған бұл шарада 15 тілші 15 номинацияға ие болады. Жүлде қоры да қомақты. 15 миллион теңге.

Барлығымызға белгілі, биылғы жылы отандық телевизияның үздіктері «Тұмар» сыйлығымен марапатталған болатын. Осы орайда ақпарат және коммуникация министрлігі басқа БАҚ өкілдерінің еңбегін де ескергенді жөн көріпті. Баспа, радио және интернет журналистика саласына арналған тұңғыш ұлттық «Үркер» сыйлығы журналистер мен сапалы медиа-жобаларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған. Бәйгеден әркімнің-ақ бар таласы. Осы салада еңбек ететін журналистер 7 мамыр мен 10 маусым аралығында 860-тан астам өтініш білдіріпті қатысуға. Ал әділ-қазылар алқасы майталман журналистерден құралған.

Айта кетейін, сыйлық 15 аталым бойынша беріледі. Журналистиканың дәстүрлі салаларымен қатар, «үздік фотосурет», «Қазақстан туралы ең үздік танымдық материал» және «Қазнеттегі медиа серпіліс» сияқты бағыттар да ұмыт қалмаған. Ұйымдастырушылар бұл бәйгені де дәстүрге айналдырмақшы. Халық арасында төртінші билік, қоғам айнасы атанған ақпарат құралдары елдің тыныс-тіршілігін жарыққа шығарып, өзекті мәселелерді билікке жеткізіп, еліміздің дамуына үлес қосып жүргенін ешкімге жасырын емес. Төл мерекеміз тағы да құтты болсын!