Қырғызстан президенті Атамбаевтың мәлімдемелері саяси қателік

17.11.2017 в 21:26

Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевтың Еуразиялық экономикалық одақты сынға алған пікіріне қатысты Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов өз ойын білдірді. Оның сөзінше, Атамбаевтың мәлімдемелері саяси қателік әрі президент айтуға тұрарлық дүние емес. Дегенмен, министр бұл мәлімдемелерге қарамастан, екі ел арасындағы қарым-қатынас жақын арада өз ретіне келеді деді. 

«Дипломат әрі сыртқы саясат мекемесі басшысы ретінде мен өзге елді басқаратын тұлғаның айтқанына баға бере алмаймын. Дегенмен, мен біздегі белгілі саясаттанушының ойына қосыламын. Жақында орнын босататын Қырғызстан Республикасының президентінің пікірі саяси қателік және ол айтуға тұрарлық дүние емес. Дегенмен, қазір ерекше мән беретін жағдай, Қырғызстан премьер - министрінің Астанаға келгенде қолға алынған жол картасына қол қойып, іске қосу маңызды»,-деді ҚР сыртқы істер министрі, ҚАЙРАТ ӘБДІРАХМАНОВ.

Алмазбек Атамбаевтың мәлімделері жөнінде бұған дейін Парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев өз ойын білдірген еді. Ол «Твиттер» әлеуметтік желісіндегі парақшасында: «Атамбаевтың Қазақстанға қатысты кезекті орынсыз пікірі екі ел арасындағы қарым-қатынас пен бауырластыққа қарсы әсер етеді. Саясатта бұндай ойларға орын жоқ. Қырғызстанды оқшаулау жөнінде ешқандай ой да болмаған. Тек еуразиялық экономикалық одақтың ережесі мен талаптарын тиісті орындау керек. Бұл талқыланатын дүние» - деген-ді. Сонымен қатар, белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин де "Фейсбук" желісінде Қырғызстан президентінің ретсіз мәлімдемелерін сынға алды: «жақында президеттіктен кететін қырғыз басшысы өзінің ел басқарған кезінде жіберген барлық қателіктерін өзгелерге жапқысы келеді" - депті Қарин. Айта кетейік, соңғы мәлімдемесінде Қырғыз президенті Еуразиялық экономикалық одақты сынға алған болатын.