Селден алар секем жоқ. Қалада су тасқынынан қорғану үшін жасалып жатқан жұмыстар аяқталуға жақын. Қаперде болса, биыл Алматы билігі төтенше жағдайлардың алдын алу үшін тың жобаны қолға алған болатын. Мәселен, Үлкен Алматы өзенінің жағалауы мен Медеу және Бостандық аудандарында биік беткейлер тас қоршаулармен қапталып жатыр. Сондай-ақ арық желілері де жаппай жаңартылуда. Енді қарашаның соңына дейін Медеу мен Шымбұлаққа баратын жолдың тау бөктерлері де нығайталады. Топырақтың төменге құламауы үшін жасалып жатқан жұмыстарды қала әкімі Бауыржан Байбек өзі барып көрді.
Алматыда лай көшкіні мен сел жүру қаупі басым таулардың маңы қатайтылып жатыр. Мәселен, мынау биіктігі 200 метр болатын қорған тұрғындардың қорқышын сейілтпек.
«Бағанашыл» ықшам ауданының маңында тұратын жұрт жыл сайын жауын жауғанда жандарын шүберекке түйіп отыратын. Өйткені, қырдағы балшық лайланып, көшкін тудыратын қауіп басым еді. Енді елге уайымдауға еш негіз жоқ. Қала билігі қазынадан қаражат бөліп, биік беткейлерді тас қоршаулармен қаптататып жатыр. Бұл - қапыда болар төтенше жағдайдан сақтанудың қамы. Жобалаушылар құрылысты бастамас бұрын, топырақтың құрамы мен сейсмикалық жағдайын тексерген. Қазіргі таңда жұмыстың 70 пайызы біткен.
«Технологиялық жағынан күрделі жоба. Учаскеде 40 маман, 20-дан астам техника тынбай еңбек етіп жатыр. Құрылысшылар екі ауысымда, яғни тәулік бойына жұмыс істейміз. Белгіленген мерзімнен кешіктірмей қараша айының соңында тапсырамыз», - деді мердігер компанияның директоры Валерий СОЛОМКОЙ.
«Өте қауіпті аймақ деп айта аламын. Таудың жоғары және төменгі беткейінде адамдар тұрады. Жаңбырлы күндері лай көшкіні жүріп, жолды жауып қалатын. Қорқынышты. Енді уайымдамайтын болдық», - деді Александр КАРМАНОВ.
Медеу ауданындағы Таиров көшесінде де тау беткейі қатайтылып жатыр. Өйткені, ылдилы жер әсіресе жауын-шашынды күндері қауіпті көрінеді. Топырақ төменге құлап, бірнеше жылдан бері жұрттың үрейін қашырып келген.
«Кіші Алматы өзенінің арнасы бойындағы бұл жердегі габионды тормен нығайтылды. Биіктігі 470 метрдей. Тұрғындардан қауіпті аймақ туралы 2013 жылдан бері шағым түсетін. Ылдилы учаскеде шашамен 150 үй бар. Қазір нығайту жұмыстары толық бітті, 2-3 күннің ішінде абаттандыру жұмыстарын да аяқтаймыз», - деді мердігер компанияның бас директоры Қуат ТӘЖМАҒАМБЕТОВ.
Жұмыс сапары барысында қала әкімі Үлкен Алматы көлінің авто жолындағы қауіпті аймақта салынып жатқан қорғаныстың құрылысымен танысты. Мұнда да тастан жасалған тірек қабырғалар орнатылып, инженерлік торлар қойылған. Темір құрылымдар су мен желге қарамастан бастапқы қалпын еш өзгертпейді, дейді құрылысшылар. Оның үстіне, тас қоршаулар ұзақ мерзімге шыдас береді екен. Учаске келер жылдың көктемінде абаттандырылады.
Аталған жұмыстар жүріп жатқан нысандарды аралаған әкім құрылысты дер кезінде бітіруді тапсырды.
Жадыра Омаржан, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы