Қырғызстандағы болған әуе апатының салдарынан тағы бір адам көз жұмды

24.01.2017 15:40

Бішкек маңындағы Дача-Суу ауылында орын алған әуе апаты салдарынан тағы бір адам көз жұмды. Сағынбек Рахманов күйіктің 3 және  4 дәрежесімен ауруханаға түскен еді. Жансақтау бөлімінде жатқан жас жігітке  осы уақытқа дейін бірнеше рет ота жасалған. Бірақ, денесінің 45 пайызын күйік шалған азамат  кеше түнде бақилық болды.  Әуе апаты  орын алғанда Рахмановтың 6 және 3 жастағы екі баласы мен 8 айлық аяғы ауыр әйелі қаза тапқан болатын.  Ал  Қырғызстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі осы ауылдағы балалардың жаппай  уланып жатқанын мәлімдеді. Олар, ұшақтан төгілген керосиннің кесірінен уланған. Одан өзге, Дача-Су ауылында тұратын бес бала Бішкектегі нөмірі 3-ші балалар ауруханасына жеткізілген. ¤

«Зардап шеккендерге аудандық, Шуй облысы және үкіметтік деңгейде көмек беріп жатырмыз. Тұрғындар, жеке кәсіпкерлерде ат салысып жатыр. Зардап шеккендерге қажетті заттардың көлеміне қарай берудеміз»,- деді Бішкек қаласы ТЖД басшысы, Болатбек АМАНБАЕВ. ¤

Еске сала кетейік, 16 қаңтар күні таңғы сағат 7.31-де Бішкектің Дача-Суу ауылында әуежайға жақын жерде Гонконгтен Түркияға бет алған Boeing-747 жүк ұшағы құлаған еді. Апат салдарынан барлығы 39 адам мерт болды. Ауруханада тағы жиырма шақты адам жатыр. Үй-күйсіз қалған бауырластарға Алматылықтар гуманитарлық көмек жеткізген болатын.