Әкімшілік полицияға қарасты базадағы 52 мың істің тең жартысы Алматыға тиесілі

13.10.2017 03:29

Қарызды өтесең де, қамыт алынбайды. Яғни, айыппұлды төлегенмен, ортақ базадан өшпейтіні қиын. Көпшіліктің басындағы мәселе де осы. Әкімшілік полиция қызметкерлері айыппұлдан әлдеқашан құтылған 52 мың азаматтың артына сот орындаушыларын тағы салып қойыпты. Ақырында, кешірім сұрауға мәжбүр болды. Өтелген борыш неге өшпеген? Прокурорлардың ойынша, бұл ақпараттық жүйеден кеткен қателік. Енді оны жетілдіруді мықтап қолға алмақ. Дегенмен, жеке сот орындаушыларының да алып-қосары бар.

Әкімішлік полицияға қарасты Базадағы 52 мың істің тең жартысы Алматыға тиесілі. Осы уақытқа дейін қордаланған қарыз ретінде тұрған 17,5 мың айыппұл тізімнен алынып тасталды. Бұл мәселені шешу мақсатында қаладағы екі мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында прокурорлар жұмыс істеп жатыр. 

¤«Азамат айыппұлды өтесе де, оның ісі жеке сот орындаушысының қолында. Оны өндіру үшін бұл мақсатта шаралар қолданады. Яғни, ол жүріп-тұруына шектеу қою, ел аумағынан шығуына шектеу қою болуы мүмкін. Осыны болдырмау үшін тиісті жұмыстар қолға алынды», - деді ҚР Бас прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті, Алматы қаласы бойынша басқармасының басшысы¤ Ерлан ӨТЕГЕНОВ.

Қазір айыппұл мәселесін шешу жолында прокурор, жеке сот орындаушылары мен жол полициясы қарқынды жұмыс істеп жатқан көрінеді. Өйткені, ол істер жеке сот орындаушылары қолына түссе, мемлекетке ол тағы шығын алып келетін еді. Бүгінгі күні төленген түбіртекті көрсетпей, ол жүйеден шығарылмайды. Көбінің басына ілінетін мәселе де осы. Сондықтан прокурорлар осы олқылықты жою қажет екенін енді ғана қолға алған сияқты.

¤«Республикалық жеке сот орындаушылары палатасы әкімшілік заңнамадан түбіртексіз айыппұлды өшіру туралы пунктты алып тастауын ұсынды. Қазір IT технологиясы дамыған заман. Елімізде сандық жүйе жоғары дамыған. Сондықтан азамат қарызын өтеген болса, ол не үшін мамандарға барып төлеген туралы қағазды көрсетуі тиіс. Онлайн төлем жүйесі деген түсінік бар. Ал біздің әкімшілік полиция басқармасы түбіртектің көрсетілуін талап етеді», - деді  Алматы қаласы жеке сот орындаушылары өңірлік палатасының жетекшісі Серік НҰҒМАНОВ.

Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитет электронды әкімшілік өндіріс жобасын қолға алмақ. Алдағы уақытта ол мұндай мәселенің  болмауына мүмкіндік береді. Ал қазан айының аяғынан бастап тәртіп сақшылары планшетпен жұмыс істеуді басатамақ. Сәйкесінше, айыппұлды сол құрылғы арқылы салатын болады. Оған қоса, азаматтарға оны сол жерде тұрып-ақ өтеуге жағдай жасалмақ. Осы мақсатта арнайы пос терминалдар енгізіледі.