Әуе апатынан қаза тапқан Айдар Әбішевтің отбасына 1 млн теңге көмек берілді

16.08.2017 16:58

Үшқоңыр ауылындағы әуе апатынан қаза тапқан Айдар Әбішевтің отбасына 1 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілді. Бұл қаржыны марқұмның өзі оқыған Азаматтық авиация академиясының ұжымы жинап берген. Сондай-ақ оқу ордасы ұшақ тізгінінде отырған ұшқыш Сергей Курченконың да мәйітін Отанына жіберуге жәрдемдеспек. Украинадан марқұмның туыстары келмекші. Олар сараптама барысымен танысып, Курченконың сүйегін елдеріне алып кетпек. Ал Азаматтық авиация академиясы Айдар Әбішевтің қазасынан кейін барлық тәлімгерлерге тәжірибелік сабақты пысықтай түскен. Қазір әрбір студентпен жекелей жұмыс жасап жатыр екен.

«Қазір біздің академияға тиесілі ұшақпен болған әуе апатын тексеру үшін мемлекеттік комиссия құрылды. Оның құрамына Азаматтық авиация комитетінің мамандары, Халықаралық авициялық комитетінің өкілдері, тәуелсіз авиациялық сарапшылар кірді. Сондай-ақ тексеріске «Технам 2002» ұшағын әзірлеген зауыт өкілдері мен Украина елінен келген мамандар атсалысады. Қазір комиссия құрамы жұмыстарын жасап жатыр. Нәтижесі алдағы уақытта белгілі болады», - деді Азаматтық авиация академиясының проректоры Шамиль БЕРІШОВ.

Еске сала кетсек, өткен аптада Үшқоңыр ауылы маңында ұшақ апатқа ұшыраған болатын. Кенеттен төменге құлдилаған әуе кемесі, ізінше түгі қалмай өртеніп кетті. Салдарынан тізгінде отырған ұшқыш пен жас курсант қаза тапты. Олар оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізу үшін әуеге көтерілген.