Өзінің өгей баласын сыбайластарымен бірге аяусыз өлтірген келіншек жазадан сытылып кетуі мүмкін. Қаскелеңде 11 жастағы Өркен Азаматұлының өліміне қатысты кезекті сот процесі өтті. Отырыста айыпталушы тарап тыңдалды. Анықталғаны - қаскөйлер Өркеннің денесін бөлшектеп, мүрдені әжетханадан ағызып жіберуді жоспарлаған. Одан бөлек, марқұмның өгей шешесі Шарипа Ақбердиеваның психикалық аурумен ауырғаны белгілі болды. Ол осыдан 23 жыл бұрын жындыханаға тоғытылған екен. Алайда, көп ұзамай ол жерден қашып шыққан. Мұны күдіктінің қорғаушылары да растап отыр. Олар айыпталушы былтыр жол апатына түсіп, басынан ауыр жарақат алғанын айтады. Сондықтан, Шарипаны медициналық тексерістен тағы бір өткізуін талап етуде. Алайда, бұл ұсыныспен жәбірленуші тарап келіспейді. Олар қандықолдар осындай желеумен жаза арқаламаудың амалын жасап отыр дейді.
«Ақбердиеваның адвокаты - айыпталушыны қорғап қалудың амалын жасап отыр. Олар оның ақыл-есінде ауытқуы бар деп көрсетіп, жазадан құтылып кетудің қамын ойластыруда. Алайда бұл - өтірік. Осыған дейін медициналық тексерістерден өткен. Ол кезде ешбір ақау анықталған жоқ»,- деді Ө. Азаматұлының анасы, Айжан ҚЫДЫРМОЛДАНОВА.
Соттың бүгінгі отырысында тағы бір дерек анықталды. Айыпталушы Шарипа Ақбердиева қылмыс жасағаннан кейін, өзінің қызы Айданаға хат қалдырып үлгерген екен. Онда бар айыпты өзінің ұлы Темірге арту керектігі жазылған. Сол арқылы темір торға тек ұлын қаматуды көздеген. Айта кетейік, сот процесі ашық өткенімен, залға таспагерлер кіргізілген жоқ.
«Сот әлгі әйелден түсініктеме бересіз бе дегенде, ол "иә" деп жауап берді. Қойылған сұрақтарға нақты жауап беріп тұр. Барлығы есінде. Енді келіп, айып тағыла бастағанда - өтірік жындының кейпіне енген. Бұл - жазаға тартылмаудың амалы ғана»,- деді Жәбірленушілердің қорғаушысы, Айман ОМАРОВА.
Есте болса, Өркен Азаматұлының өлі денесі биыл қыста табылған. Қаскөйлер оны қала маңындағы үйлердің біріне апарып, аяусыз өлтіріп тастаған еді. Кейін, осы іске 5 адамның қатысы бары анықталып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Айыпталушылардың қатарында Өркеннің өгей шешесі мен оның қос бірдей баласы бар. Одан бөлек, сыбайлас ретінде такси жүргізушісі де жауапқа тартылған.