Қазақстандық боксшы Дамир Тойбай Буэнос-Айресте өтіп жатқан Жасөспірімдер олимпиадасында жартылай финалға шықты, деп хабарлайды Olympic.kz.
Дамир Тойбай 91 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетуде. Ширек финалда ол самоалық Толауа Туигомала кездесуі керек еді. Алайда, қарсыласы жарақатына байланысты кездесуден бас тартып, жеңіс біздің спортшыға берілді.
Жартылай финал 16 қазан күні өтеді. Дамир канадалық Тетлуа Чуолмен қолғап түйістіреді.
Айта кетейік, Дамир Тойбай Буэнос-Айрестегі Жасөспірімдер Олимпиадасының ашылу салтанатында Қазақстанның көк байрағын ұстап шыққан болатын. Бұған дейін боксшы қызымыз Надежда Рябец жартылай финалға шыққаны хабарланған еді. Қазақстан құрамасының қоржынында әзірге 2 алтын, 1 күміс және 1 қола медаль бар. Байрақты додада ел намысын 58 спортшы қорғауда.