|
15.10.2018 | 12:23
2661

Алматы марафонында қайғылы оқиға: 18 жастағы студент көз жұмды

Алматы марафонында қайғылы оқиға: 18 жастағы студент көз жұмды

Алматыда жексенбі күні өткен жартылай марафон кезінде қайғылы жайт орын алды. Қашықтықты бағындыру кезінде18 жастағы Максим Королев қаза тапты.

Марқұм Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер, қалалық кросс жарыстан жеңімпаз болған екен. Куәгерлердің сөзінше, Максим Абай көшесінен өтіп, мәреге аз қашықтық қалған кезде кенеттен жерге құлаған. Үш минут шамасында оқиға орнына келген жедел жәрдем бригадасы жүгірушінің сол мезетте тілге келместен қайтыс болғанын мәлімдеді. Әзірге қатысушының неден қайтыс болғанын тек сот-медициналық сараптамадан кейін белгілі болады. Енді бұдан былай жүгірушілерді жарысқа қатыстыру талаптары қатайтылмақ.  

«Алматы марафонының ұйымдастырушылары ретінде, есте болса ол дәстүрлі түрде сәуір айында өтетін. Енді үлкен шарадан жартылай марафонды бөлек шығарып, жарыс етіп өткізуді шештік. Жалпы 21 километр бұл көп қатысушылар арасында атақты, сұранысқа ие. Сондықтан, қазан айында 10 шақырымды қосып жартылай марафон өткіздік. Көбісі жақсы қабылдады», – деді «Алматы марафоны» директоры Салтанат ҚАЗЫБАЕВА.

Алматыда алғаш рет өткен жартылай марафонда 4 мың қатысушы мәреге жетті. Спорттық шараға Қазақстан, АҚШ, Франция, Жапония, Ресей, Қырғыз Республикасы мен өзге елдердің спортшылары қатысты. Ал 10 километр қашықтықты ерлер арасында Дмитрий Иванчуков, қыздар арасында Мадина Керімова бірінші болып еңсерді. Ең жүйрік жартылай марафоншы 21 км қашықтықтықты бағындырған Илья Тяпкин болды. «Алматы жартылай марафонының» әр қатысушысы алқа алды. 21 шақырым қашықтыққа жүгіруден абсолютті чемпиондар 1,5 миллион теңге көлемінде жүлде қорын өзара бөлісті. Айта кетейік, жарыс сөресіне жасы 60-тан асқан 41 қатысушы шықса, олардың 16-сы жартылай марафон қашықтығын еңсерді.  

«Жаттығуымды ерінбей жасап жүрдім. Қарсыластарым жақсы дайындалып келген. Бірінші орынды Қырғызстан алды. Екінші орын Аллаға шүкір, Қазақстанға бұйырды, яғни мен алдым. Үшінші орын Ресейден келген желаяққы тиесілі болды. Жастарға айтарым, егер ерінбей таңертең ерте тұрып, дайындалса жүгірсе, міндетті түрде жетістікке жетеді. Тек адам алға ұмтылып тұрса болды», – деді «Алматы жартылай марафонының» жүлдегері Аманқос ИСЛАМ.



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир