БЖЗҚ төрайымының айтуынша, қордағы ақшаны басқа мақсаттарға беру үшін 10 пайыздық жарна аз болуы мүмкін, алдымен оның жеткілікті-жеткіліксіз екенін анықтау керек.
Қазақстанда заң бойынша зейнетақы қорындағы ақшаны баспана алуға немесе тағы басқа қажеттіліктерге беру мүмкіндігі қарастырылмаған. Бұл туралы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының басқарма төрайымы Нұрбибі Наурызбаева мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik.
Наурызбаеваның айтуынша, Қазақстан заңнамасында зейнетақы қорындағы ақшаны баспана, оқу секілді түрлі қажеттіліктерге алу қарастырылмаған.
«Қазіргі таңда біздің жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жұмыс істегеніне 20 жыл ғана болды. Бұл жолдың жартысы ғана десек те болады, өйткені әр адамның еңбек өтілі 35-40 жылға тең. Сондықтан, біз жарты жолдамыз, азаматтардың есепшотына жиналған ақша онша көп емес. Мәселен, жылына 8 немесе 12 рет жарна салатын адамдардың есепшотында 2-3 миллион теңге ғана бар. Қазіргі кезде зейнетке шыққаннан кейін адамдар орташа есеппен 82 жасқа дейін өмір сүреді десек, 63 жастан 82 жасқа дейін оларға зейнетақы төлеп тұруымыз керек. Ал, есепшоттағы ақша 20 жылға жете ме, жетпей ме, соны қарастыруымыз керек. Сондықтан, бұл үшін 10 пайыз жарнаның жеткілікті немесе жеткіліксіз екенін қоса талқылау қажет», — деді Наурызбаева.
Осы орайда ол азаматтарына зейнетақы шотындағы ақшаны керегіне пайдалануға рұқсат беретін Сингапур тәжірибесін мысалға келтірді.
Белгілі саясаттанушы халыққа зейнетақы қорындағы өз ақшасы кредит ретінде берілгелі отырғанын айтты
«Сингапурдың тәжірибесін алсақ, бұл елде зейнетақы аударымы 35 пайыздан асады. Азаматтардың жинаған ақшасы әу бастан-ақ үш есепшотқа бөлінеді. Олар: негізгі шот – тек зейнетақыға арналған, қалған екеуі – оқу, емделу, баспана сияқты қажеттіліктерге. Сондықтан зейнетақы қорындағы ақшаны басқа мақсатта жұмсау туралы сөз қозғайтын болсақ, алдымен 10 проценттік жарнаның жеткілікті-жеткіліксіз екенін талқылаған жөн», — деді қор төрайымы.