Науқас адамды ауруханаға жеткізбек болған жедел жәрдем көлігін жолда полицейлер тоқтатқан. Осынау сәт түсірілген видеоролик әлеуметтік желілер арқылы тарап, көпшіліктің наразылығын туғызды. Полция көлігінің мемлекеттік номері Атырау облысына тиесілі болғандықтан, желі қолданушылары оқиғаның дәл осы өңірде болғанын жазуда.
Әзірге оқиғаның мән-жайы белгісіз. Тек іске Ішкі істер министрлігінің өзі араласты. Tengrinews.kz порталына сұхбат берген министрліктің ресми өкілі Алмас Сәдубаев бұл жайттың тексеріліп жатқанын хабарлады. Анықталғаны, оқиға 22 желтоқсанда Атырауда болған екен. Оның пікірінше, не болғанын білмей жатып полицейлерді сөгу – дұрыс емес.
«Қазіргі таңда оқиғаға қатысты қызметтік тексеріс жұмыстары жүргізілуде. Азаматтарды алдын ала шешім қабылдап, жарты минуттық видео негізінде полицейлерді сынға алмауға шақырмын. Тексерістің нәтижесін күтіңіздер», - деді ІІМ ресми өкілі Алмас Садубаев.
Оның айтуынша, егер де жедел жәрдем арнайы сигналдары қосылмай, жол ережесін бұзып жатса, тәртіп сақшылары оны тоқтатуға міндетті.
«Бұл шара салон ішіндегі адамдардың қауіпсіздігі үшін жасалады. Кей кездері жағдай ушығып жатқанда, науқасты дереу ауруханаға жеткізу амалдары іске асырылады. Тек содан кейін ғана, құжаттар мәселесіне тоқталады», - деді ол.