|
13.11.2018 | 19:28
3057

Үнді студентінің өліміне күдікті әйел ұсталды

Үнді студентінің өліміне күдікті әйел ұсталды

Алматыда көз жұмған үндістандық студенттің өліміне қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр. Ал күдікті ретінде Түркістан облысының тумасы ұсталған. Шетелдік азаматтың қаза болуына не нәрсе себеп болуы мүмкін? Құзырлы орган өкілдері не деді?

Студент Кумар Хеманттың қайтыс болғанына бүгін 4-ші күн. Ол С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 3-ші курс студенті болған. Бірге оқитын жерлестерімен Алматыда пәтер жалдап тұрған. Қайғылы оқиға болған күні Мақатаев көшесінің бойындағы жалдамалы пәтерде түнеген. Күдікті ретінде 31 жастағы әйел ұсталыпты. Бір анығы, жалдамалы пәтерге түнгі сағат 12 шамасында студент пен әлгі әйел адамның бірге кірген сәті бейнебақылау камерасына жазылып қалған.

«Медеу аудандық Ішкі істер басқармасының тергеу бөлімінде Қылмыстық кодекстің 99-бабының нормалары бойынша қылмыстық іс қозғалды. 9 қараша күні таңертеңгі уақытта жалдамалы пәтердің иесі сол пәтерге келіп, қансыраған адамды көре салып, полицияға және жедел жәрдемге хабар берген болатын. Қансыраған азамат араға бірнеше уақыт өткеннен кейін жан тәсілім етті. Осы қылмысқа қатысы бар күдікті 1 сағаттың ішінде айқындалып ұсталды. Кінәсін толығымен мойындауда. Белгілі мәліметтерге сәйкес, жәбірленуші мен күдіктінің арасында бірыңғай ішу негізінде жанжал туындаған. Нәтижесінде, ол азаматша дене жарақаттарын келтірген», – деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Шетелдік студент өліміне қатысты полицияның берген мәліметінен бөлек, ақпарат көздерінде таңғы төрттер шамасында әлгі пәтерге тағы бір ер адамның кіргені туралы жазылған. Жоғары оқу орнының басшылары бұған дейін студенттің ешқандай оғаш қылық танытқанын байқамағандарын алға тартады. Кумар Хемант алғашқы курста жатақханада тұрған. Ал 3 курста пәтер жалдап тұрған.  

«Қайтыс болған студент Кумар Хемант 2015 жылдан бері біздің университетте білім алады. Ол Үндістанның Раджастан қаласынан келген. Ерекше студент болған жоқ, орташа білім алды. Ғылым жағынан алсақ та, спорт жағынан алсақ та белсенді болмаған. Үндістаннан келіп білім алатын студенттердің барлығы ақылы түрде оқиды. Кумар Хемант та ақылы білім алды. Мұнда оқитын студенттердің барлығы біздің үлкен отбасымыздың мүшесі. Студенттердің әрқайсысы біз үшін қымбат», – деді С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті баспасөз қызметінің жетекшісі Марина ТЯН.  

«Мен 5 курс студентімін. Кумар Хемант 2015 жылы осы оқу орнына түсті. Сол жылдың қыркүйек айынан бері осында. 1-ші курста орташа оқыды. 2-ші курста бір семестр сабаққа қатыспады. Сондықтан 1 жылға оқуға қалды. Аздап стресске түсті. Мінезі жақсы болатын. Шын мәнінде жүріп жүрген қызы жоқ еді», – дейді Кумар Хеманттың досы РАВИ.

23 жасар Кумар Хемант бір үйдің жалғыз баласы болған. Айта кетейік тек Қазақ Ұлттық медициналық университетінде Үндістанның 1 мыңға жуық азаматы білім алып жатыр.


Гүлшырын Серікқызы, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы  



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир