Үйінен айрылып, билікке шағым айтқан түркімен зейнеткері жоғалып кетті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Түркіменстанда үйінен айрылғанын айтып арызданған 82 жастағы ақсақалдан бірнеше күннен бері хабар жоқ деп жазады Азаттық.

Кака Гурбановтың хабар-ошарсыз кеткені туралы ақпаратты желтоқсанның 2-сі күні «Хроника Туркименстана» басылымы хабарлады.

Ашхабад тұрғыны, зейнеткер Кака Гурбанов биыл 22 мамыр күні «Адам құқығы жөніндегі Түркімен бастамасы» сайтында видео үндеу жасаған. Видеода ақсақал «2008 жылы Мары қаласындағы туыстарына барып, біраз уақыттан соң қайта оралғанда үйіне өзге отбасы кіріп алғанын, өзін қуып жібергенін» айтқан.

Гурбанов баспанасын қайтарып беруді талап етіп Бас прокуратура, Жоғарғы сот, Президент аппаратына және Омбудсмен кеңсесіне де арыз жазған. Оның сөзінше, «омбудсмен Яздурсун Гурбанназарова Гурбановтың үйін заңсыз тартып алғанын мойындаған, бірақ кеңсеге арызданушылардың көптігінен ақсақалдың шағымын қарауға адам жетпейтінін, уақыт жоқ екенін» айтқан. «Хроника Туркменистана» басылымы «Гурбанов содан бері баспанасын қайтарып ала алмаған, керісінше құқық қорғау органдары «арыздануыңды доғар» деп құқай көрсеткенін» жазады. Басылым ақпаратына қарағанда, 27 қараша күні Гурбановқа Ашхабадтың Беркаралык аудандық прокуратурасы шақырту жіберіп, «11-кабинетке келуін» талап еткен. Бірақ Гурбанов сол күні сырқаттанып қалып, прокуратураға 29-ы күні барған. Прокуратура қызметкерлері оны қабылдамаған және «ісіңді полиция қарап жатыр» деген. Ал полиция қызметкерлері оған прокуратура тергеушісі «Гурбанов мені балағаттады» деп арыз жазғанын хабарлаған. «Хроника Туркменистана» басылымы сол күні полиция Гурбановқа «Үйіңде отыр. Күт. Керек кезінде ұстап әкетуге келеміз» - деп жазады. Ертеңінде, 30 қараша күнінен бастап Гурбанов телефонына жауап бермеген.

«Оның із-түссіз кетуіне байланысты құқық қорғау органдары мен адам құқығын қорғайтын халықаралық ұйымдарға хабарластық» деді Азаттыққа «Адам құқығы жөніндегі Түркімен бастамасы» ұйымының жетекшісі Фарид Тухбатуллин. Қазір Азаттық радиосының Түркімен қызметі де Ашхабадттың Беркаралык аудандық прокуратурасына хабарласып, Кака Гурбановтың жағдайы жөнінде ресми ақпарат сұрауға тырысып жатыр.

Новости партнеров