Белгісіз затты детонациялау салдарынан жарақат алған сержант М. Ахметовтің арқасында 9 әскери қызметкер құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігіі ҚР Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап.
«Сержант М. Ахметов белгісіз затты детонациялау салдарынан алған жарақаттарына қарамастан, шеберлігі мен жылдам әрекет етуінің арқасында КамАЗ-ды өздігінен басқарып, лагерлік жиынның қолбасшылығына оқиға туралы дереу хабар жеткізді. Дәрігерлер тоғыз әскери қызметкерге ашық алаңда алғашқы медициналық көмек көрсетті», делінген хабарламада.
Белгісіз зат 14 тамызда «Қазақстан» оқу-жаттығу полигонындағы нысана аланын әзірлеу кезінде детонацияланды. Қазіргі уақытта әскери қызметкерлердің жағдайы бірқалыпты, оларға білікті мамандар медициналық көмек көрсетуде. Аталмыш дерек бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.