«100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы - 22 елді аралаған алғашқы қазақстандық саяхатшы Мағжан Сағымбаев шаңырақ көтеруді жоспарлауда. Велосипедші спорт саласын жалғастыра бермек. Алдағы уақытта орасан жоспарлары бар. Жобаның тағы бір жеңімпазы көпке үлгі болған бейбіт күннің батыры Ғалымжан Әлеуханов осы жылы отбасы құрды. Жоба жеңімпаздарының өмірбаяны арнайы кітап болып басылып шықпақ.
Мағжан Сағымбаевтың ең алғашқы үлкен саяхаты осыдан 5 жыл бұрын болған. Жаяу және көлікпен 8 елді аралап шықты. Ал бір жылдан кейін велосипедпен ел аралауды бастаған. Қос дөңгелекті темір тұлпармен 22 елге барған.
«Мен алдыма үлкен және қол жеткізу қиын жоспар қойып, соны орындауға ұмтыламын. Өмірде де солай. Немен айналыссам да оны сапалы жасау үшін барымды саламын. Әр саяхаттың өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, Антарктида ерекше континент. Онда танып білетін нәрсе көп»,-деді Қазақ ұлттық география қоғамының өкілі Мағжан САҒЫМБАЕВ
30 жастағы жігіт Анд тауындағы Аконкагуа шыңы, Еуропаның ең биік нүктесі Эльбрус және Антарктидағы Винсон шыңын бағындырған. Ал соңғы нүктеден 40 градус аязда шаңғымен 217 шақырым жүріп өтіп, Оңтүстік полюсқа жеткен. Өткен жылы саяхатшы 12 адамнан құралған топ құрып, Килиманджаро тауына шыққан.
«Үрей болды. Десе де, бұл шыңды да бағындырдық. Антарктидаға да жету оңай болған жоқ. Сырқаттанып тұрсам да саяхатты жалғастыра бердім. Кез келген саяхатта жарақат алуың мүмкін. Мұндай сынақтар сені жігерлендіре түседі»,-деді Қазақ ұлттық география қоғамының өкілі Мағжан САҒЫМБАЕВ.
Ғалымжан Әлеуханов - әскери қызметкер. Бүгінгі бейбіт күннің батыры оқу барысындағы жаттығулар екі баланың өмірін құтқаруға септесті дейді. Оның бірінші мамандығы есепші. Десе де, бала күнгі арманын орындаған.
«Екі құтқарған бала Бекжан мен Нұрдәулет деген бала. 5 жасар және 10 жасар бала. ӘкесІ Мәлік деген кісі, анасы бар. Барлықтарымен осы таңға дейін араласып та келеміз. Бір отбасыдай. Отан қорғаушылар күні құттықтап кетті»,-деді № 61993 әскери бөлімі десанттық-шабуылдау батальонының ефрейторы Ғалымжан ӘЛЕУХАНОВ.
Ғалымжан өзінің батыл қадамы туралы ешкімге тіс жармаған. Бұл қадам көпке бақылау камерасына жазылған жазбадан кейін белгілі болған. Жақында оған Елбасының өзі «Ерлігі үшін» медалін табыстаған еді.
Перизат Көмекбайқызы, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы