Маусым айынан бастап қазақ тіліне аударылған 18 кітаптың электронды нұсқасы пайда болады. Бірақ авторлық құқығы сақталған бұл басылымдарды көшіруге және қайта басып шығаруға мүмкіндік жоқ. Сонымен қатар жаңа оқу жылынан бастап оқушылар мен студенттерге басылымдардың бейнелекциясы қолжетімді болады. Айта кетейік, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында әлемдік деңгейдегі маңызы бар 100 кітапты қазақша сөйлету өткен жылы қолға алынған болатын. Биыл оның он сегізі 10 мың данамен еліміздің барлық ірі жоғары оқу орындарына таратылып, жаңа оқу жылынан бағдарламаға енгізу жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін тағы отызы қазақ тіліне аударылады. Ал жүз кітапты түгел аудару алдағы екі жылда аяқталмақ.
«Бұл кітаптар, білесіздер, шетелдік баспалардан алынған, авторлық құқықтары сатылып алынған. Алайда, баспалардың талабы кітаптардың электронды форматы қолдан қолға тарап кетпеуі керек. Сондықтан қазір біз техникалық мүмкіндіктерді пайдаланып, бұл кітаптарды тек «reader» форматында жариялау мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Оларды сайттан оқуға болады, қарауға болады»,- деді ұлттық аударма бюросының жоба жетекшісі Назгүл ҚОЖАБЕК.