Жамбыл облысында шекарашылар толғағы келген отандасымызды босандырып алды. Оқиға «Ауқатты» пунктінде болды, деп жазады ҚазАқпарат.
«2 желтоқсан күні Қордай ауданында ҰҚҚ шекара қызметінің 2038 әскери бөлімінен Фариде есімді келіншек көмек сұраған. Ол Қырғызстаннан келген. Шекарадан өтпек болып кезекте тұрған уағында мерзімінен бұрын толғағы қысып, шекарадағылардан көмек сұраған», – делінген хабарламада.
Шекарашылар еш саспастан әйелді босандыруға кіріседі. Оқиға орнында ешқандай қажетті зат пен медициналық құралдың жоқтығына қарамастан, шекарашылар әйелге алғашқы көмек көрсетіп, босандырып алады. Ауыл ауруханасынан дәрігерлер шақыртылады.
Шекара қызметкерлерінің дер кезінде көрсеткен көмегімен Қазақстан азаматшасы сау баланы өмірге әкелді. Жедел жәрдем келіп жеткен соң жас ана мен баланы перзентханаға алып кетті. Баланың жағдайы жақсы.