Астанада дәрігерлер салғырттығынан кішкентай сәбидің аяқ саусақтары кесілуі мүмкін

Астанада дәрігерлер салғырттығынан кішкентай сәбидің аяқ саусақтары кесілуі мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астана ауруханаларының біріне түскен кішкентай қыздың аяғындағы саусақтары кесілуі мүмкін. Былтыр желтоқсанда Жамбыл облысынан елордаға 11 айлық қызына ота жасатуға арнайы келген азаматша өткен аптада дәрігерлердің салғырттығынан баласының мүгедек болып қалу ықтималдығын айтып, шағымданған. Бүгін Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінде өткен брифингте астаналық ақ халаттылар да балғынның саусақтары ампутациялануы мүмкін екенін жасырмады.

«Сау баланы мүгедек еткен!». Жамбыл облысының тұрғыны Таңшолпан Бейсенбекова елордалық дәрігерлер жайлы осындай уәж айтады. Бұл сұмдық фотосуреттерді ол өткен аптаның жұмасында әлеуметтік желідегі «Астана хочу похвалить/пожаловаться» тобына жариялаған болатын. Айтуынша, Жамбыл облысы Құлан ауданынан Ұлттық кардиохирургиялық ауруханаға порталмен келген. Жүрегінің туа бітті ақауы бар қызына ота жасалынуы қажет болатын. Алайда, аталған орталықта балаға салқын тиіп, №1 балалар ауруханасына жатқызылғанын айтады. Балғынға «пневмония» диагнозы қойылып, дәрі егу үшін қызының аяғына катетер орнатқан. Анасының жазбасында катетерді медбикеден басқа ешкім қадағаламаған.

«Олар «ештеңе етпейді, жазылып кетеді» деп кызымның аяғына тек компресс жасап журді. Сол аралықта 7 күн өтіп, аяғы асқынып кетті. Өздері ешқандай көмек көрсете алмағандыктан. 01.01.2019 ж. №2 Астана қалалык балалар ауруханасына ауыстырды. Ол жақтағы дәрігерлер баламнын аяғы мен өкпесін көріп жансақтау бөліміне жаткызды. Қызым онда 2 күн жатты. Жағдайы нашар болғандықтан дарігерлер баланың аяғынан ажырап калуы мумкін деді. № 1 Қалалақ балалар ауруханасының бас дәрігерінен бастап, меңгерушісі, медбикесі осы істің барлығына жауапты. Тексеріс қолдануынызды сұраймын», – дейді ашынған ана Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановқа жазған хатында.

Ал бүгін өткен брифингте балаға катетер қою қажеттілігі баса айтылды. Себебі, пневмониядан сауықтыру үшін балғынға «бактерияға қарсы терапия» жүргізу шешімі қабылданған. Сондықтан барлық қажетті препараттар мен антибиотиктер көктамыр арқылы құйылады.

«Бала кішкентай. Сондықтан катетер аяғындағы көктамырына салынды. Баланың туа бітті ақауы бар. Сондықтан қан ұйығы, яғни тромб бұрыннан болуы әбден мүмкін. Бұл катетер қойған сәтте пайда бола қойды деу бұрыстау болар. Жүректің ақауы тромбтардың дамуына әкеп соқтыратыны бар. Осыны ескерген жөн», – деді

«Астана медициналық университеті» АҚ Жедел медициналық көмек және анестезиология, реаниматалогия кафедрасының жетекшісі Нұрила МАЛТАБАРОВА.

№1 қалалық балалар ауруханасының дәрігерлері бүлдіршіннің аяғынан катетр алынғаннан бастап консервативтік ем-дом жүргізілгенін айтады. Алайда, ол оң нәтиже бермеген көрінеді.

«Бұл емнің бәрін жүргізу үшін Медицина университетінің кафедрасымен және басқа сосудистый хирург, ангохирург, бала хирургімен, солардың кеңесімен жүргізіліп отырады. Емдеу нәтижесінде ары қарай оң нәтиже болмағандықтан, бала №2 қалалық ауруханаға ауысады. Онда ем жүргізіледі. Одан ары анализін тапсырып, Ана мен бала орталығына ауысады», – деді Астана қаласы № 1 қалалық балалар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Динат ҚОЖЕКЕНОВ.

Қазіргі таңда сәби Ана мен бала ғылыми орталығында ем қабылдап жатыр. Ондағы ақ желеңділер балаға «құрғақ гангрена» диагнозын қойған. Дәрігерлер баланың аяғына жан бітіру үшін барынша тырысып жатқандарын айтады.

«Аяғының ісігі бұрынғысынан қарағанда аздап басылды. Кішкене қан тамырлары ашылған сияқты. Жылу пайда болды. Бірақ аяғының башпайларын кесу қаупі әлі де бар. Бірақ бүгінгі таңда бала үшін басты мәселе – оның статусы, яғни жүрек ақауының болуы және содан пайда болған пневмония. Соның салдарынан болып отырған сепсис басты мәселе болып отыр. Баланың жағдайы өте ауыр», – деді Астана қаласы №1 Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы ортопедия бөлімінің меңгерушісі Болат НАҒЫМАНОВ.

Бүгінде Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасымен қызметтік тергеу жүргізілуде. Бұдан бөлек, Астананың барлық денсаулық сақтау мекемелеріне жоспардан тыс тексеріс жүргізіледі. Бұл үшін республикалық деңгейде комиссия құрылады. Оның қатарына кірген тәуелсіз сарапшылар көрсетіліп жатқан медициналық қызметтің сапасын жіті бақыламақ.


Салтанат Нысанбек, Жігер Бабаханов, «Алматы телеарнасы», Астана



Новости партнеров