Ауыр атлетика: Н.Лихачева әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

07.11.2018 15:17

Ашхабадта ауыр атлетикадан өтіп жатқан әлем чемпионатында қазақстандық Надежда Лихачева қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Н.Лихачева 71 кг салмақта қоссайыс қорытындысында 242 кг (112+130) нәтиже көрсетіп, үздік үштікті түйіндеді.

Бұл салмақта қытайлық Ван Ли Чжан әлем рекордын жаңартып, 267 кг (115-152) көрсеткішпен алтын медальді жеңіп алды. Мысырлық Сара Ахмед 252 келімен (111+141) екінші орында.

Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Юрий Мельников 23 жасар Н.Лихачеваның осынау табысын еселей түсе алатын мүмкіндігі бар екенін жеткізді. 71 кг олимпиада бағдарламасына енбейді. Сондықтан Надежданы Токио олимпиадасына 64 кг салмақта дайындау көзделуде.

Айта кетейік, бұл - Қазақстан құрамасының Ашхабадтағы екінші медалі. Бұған дейін Арли Чонтей 55 кг салмақта күміс жүлдені еншілеген болатын.