Видеожолдауында Гурурян Қазақстан билігіне берілуге дайын екенін, бірақ өзінің кісі өліміне қатысы жоқтығын мәлімдеді.
Қарағандыдағы қайғылы оқиғаға күдікті Нарек Гурурян Қазақстан билігіне видео жолдады, деп хабарлайды Today.kz порталы Sputnik Армения сайтына сілтеме жасап.
21 жастағы Нарек Гурурян – төртінші күдікті, оған республикалық деңгейде іздеу жарияланды. Видеожолдауында Гурурян Қазақстан билігіне берілуге дайын екенін, бірақ өзінің кісі өліміне қатысы жоқтығын мәлімдеді.
Бейнежолдау YouTube арнасындағы «Инфотека 24» арнасына 7 қаңтар күні жарияланған.
«Мен Гурурян Нарек Овнанұлы 1997 жылдың 30 наурызында дүниеге келдім, алдымен марқұмның отбасына көңіл айтамын. Мен ешкімді өлтірген жоқпын. Сол қарғыс атқыр күні «Древний Рим» мейрамханасындағы жаппай төбелеске қатыстым, бірақ ешкімді өлтірген жоқпын», – деді ол.
Ол Қазақстан билігіне берілуге дайын екенін айтып, биліктен қауіпсіздігіне кепіл беруін және тергеуді әділ жүргізуін сұрады.
«Өз әрекетіме жауап беруге дайынмын, бірақ өзгенің күнәсін арқаламаймын, мен қанішер емеспін», – деді Гурурян.
Бұл оқиғаны Армения мен Қазақстан СІМ басшылары және Армения полициясының басшысы мен Қазақстан ІІМ басшысы талқылады. Армения премьер-министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинян Қарағандыда болған оқиға ұлтараздық сипатта болуы мүмкін еместігін мәлімдеді.
Естеріңізге салайық, қайғылы оқиға 31 желтоқсаннан 1 қаңтарға қараған түні «Древний Рим» мейрамханасындағы жаңажылдық банкет кезінде болған. Жаппай төбелес уақытында 23 жастағы ер адам қайтыс болды. Үш жігіт түрлі жарақат алып, медициналық көмекке жүгінді.
Жас жігіттің өлімінен кейін әлеуметтік желіде қызу пікірталас туды. Ақпараттың болмауынан адамдар болған оқиғаны өздерінше топшылады.
Қылмыстық іс бойынша жеті күдікті ұсталған, оның бесеуі қамалды. Бір күдіктіге халықаралық іздеу жарияланды.
Сурет: youtube.com / @Инфотека 24