102 жастағы нью-йорктық әжей жүгіру бойынша үздік нәтиже көрсетпекші

04.05.2018 13:44

Қытайда бір мезетте мың жарымға жуық дрон аспанға ұшырылып, әлемдік рекорд орнатылды. 102 жастағы нью-йорктық әжей де жүгіру бойынша үздік нәтиже көрсетпекші.

Қытайда бір мезетте 1 мың 400-ге жуық дрон аспанға ұшып, Гиннестің рекордтар кітабына кірді. Дрондардың шоуы Сиань провинциясының Шэньси қаласында жасалды. Түрлі-түсті шамдар орнатылған аппараттар 100 метр биіктікке көтеріліп, бірнеше фигура жасады. Аспандағы шоу 13 минутқа созылды.

Бұл дрондардың алғашқы шоуы емес. Мұның алдында Оңтүстік Кореяда қысқы Олимпиада кезінде 1 мың 300-ге тарта аппарат аспанда шоу көрсеткен. Гиннестер кітабының өкілдері Қытайдағы дрондардың шоуын рекорд деп санап, кітапқа кіргізді. Рекордтар кітабына 102 жастағы Нью-Йорк тұрғыны да енуді жоспарлап отыр. 102 жастағы әжей денсаулығына шағымданбайды. Өмірінің 35 жылын спортқа арнаған оның еншісінде жүгіруден қазір бірнеше рекорд бар.

Егде спортшыны жүгірумен айналысуға өмірінде орын алған бақытсыз жағдай түрткі болған. Жастайынан анасынан айырылып, ерте жесір атаныпты. Араға бір жарым жыл салып, екі ұлы да көз жұмған. Ал кіші қызы сол уақытта қасынан табылып, өмірге деген қызғушылығын оятыпты. Қазір қарт тамызда өтетін сайысқа дайындалып жатыр. Ал жыл басында оның «мені ешнәрсе сындыра алмайды» деген атпен кітабы жарық көрді.

Бұл Италияның Понтедера қаласындағы скутерлер парады. Веспа Примавера скутерлерінің мыңдаған табынушылары екі дөңгелекті көліктің 50 жылдығын тойлауға жиналды. Жиналғандардың жастары да әртүрлі. Италияның дәл осы қаласында осыдан жарты ғасыр бұрын Веспа Примавера скутері жасалып, аз уақыттың ішінде мемлекеттің символына айналды.


Азамат Әуезхан, «Алматы» телеарнасы