Астана экономикалық форумына дайындық қызу жүруде

04.05.2018 15:30

Астанада өтетін экономикалық форум аясында әлемдік экономика драйверлерінің жаңа даму бағыттары қарастырылады. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі мәлімдеді. Айта кетер болсақ, аталмыш шара мамырдың 17-сі мен 19-ы аралығына жоспарланған. Елордада осыған орай дайындық барысы қызу жүргізілуде. Тимур Сүлейменов Үкіметте өткен баспасөз отырысы кезінде тілге тиек етілетін маңызды үш сұраққа тоқталып өтті.

«Қазақстан үшін ең басты мәселенің бірі - экономикалық даму. Өйткені, біз әлі дамушы елдер қатарындамыз. Экономикасы мықты елдердің қатарына енуге мүмкіндік беретін нақты жоспар бар. Осы тұста қауіп-қатерде жоқ емес. Соның бірі - орта деңгейдегі кіріс қақпаны», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур СУЛЕЙМЕНОВ.

Аталмыш шараға 500-ден астам елден танымал спикерлер мен қонақтар келеді деп күтілуде. Экономикалық форум 3 күнге созылады. 

«Біз оларды осы екі күн бойы жаһандық сын қатерлерді талқылау үшін шақырып отырмыз. Мамырдың 19 күні қонақтар отандық мамандармен бірге Қазақстанның мұң-мұқтажын қарастыратын болады», - деді ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур СУЛЕЙМЕНОВ.