Түркістан облысында аудан әкімінің орынбасарын атып кетті

24.10.2018 21:25

Түркістан облысы Төле би ауданы әкімінің орынбасарына қастандық жасалған болуы мүмкін.

53 жастағы Рабиға Бейсебаеваға екі азамат оқ атқан. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Сәдубаев хабарлады.

Шенеунікті үйінің алдында беймәлім бұзақылар басынан жаралаған. Атысты ести сала далаға шыққан көршілері қару кезенгендерді қорқытып жіберсе керек, екеуі де қаша жөнелген. Жарақаттанған азаматша ауруханаға жеткізіліп, артынан дереу ота жасалған. Қазір әкім орынбасарының жағдайы қанағаттандырарлық дейді дәрігерлер.

«Бас сүйегінің жанама жарақаты. Сүйегін жанап өткен. Сүйегі, барлығы дін аман. Предположительно алдын ала травматик деп айтып жатыр», - деді Түркістан облысы Ленгер қаласы ауруханасының бас дәрігері Жандар НЫШАНОВ.

Қару кезегендерді аз уақытта полицейлер қолға түсірген. Мамандар ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы, яғни «қылмысқа дайындалу және қылмыс жасауға оқталу» бойынша тергеу амалдарын бастаған.