Судья Шерхан Байзеновке кінәсін мойындау арқылы процестік келісімге келуге рұқсат бермеді.
Мемлекеттік айыптаушы ұлтаралық қақтығысты өршіткен Батыс Қазақстан облысының мұғалімі Шерхан Байзеновті жалпы режимдегі колонияға үш жылға қамауды сұрады, деп хабарлайды sputniknews.kz.
Сурет: Sputnik Казахстан
Естеріңізге сала кетсек, тарих пәнінің мұғалімі Шерхан Байзенов танымал мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің өлімінен кейін Facebook желісіне пост жазып, оны өлтірген «қытайлықтарды» мақтаған-ды. Қоғамдық резонанстан кейін мұғалімнің үстінен қылмыстық іс қозғалды.
Байзенов Денис Теннің кім екенін білмейтінін айтып ақталған. Қазіргі сәтте ол мектептегі жұмысынан шеттетілді.
Сот Шерхан Байзеновке кінәсін мойындау арқылы келісімге келуге рұқсат бермеді. Егер рұқсат берсе, бұл оның жазасын жеңілдететін еді.
Сотталушыға қарсы оқушы куәлік етіп, өзінің оған желідегі жазбасы үшін ескерту жасағанын айтты.
«Сыныптастар» тобына Шерхан Байзенов жазбасының скриншоты жіберілді. Мен оның мектепте ұстаз болып жұмыс істейтінін білемін. Маған ұнамағандықтан, одан «Неге бұлай жаздыңыз?» деп сұрадым және одан бұл жазбаны өшіруін өтіндім. Ал ол маған менің кішкентай екенімді және көп нәрсе түсінбейтінімді айтты. Кейін сыныптас құрбым екеуіміз осы скриншотты блогерлер мен басқа адамдарға жібердік. Маған ұстаздың бұлай жазғаны ұнамайды», — деді Данара Кулдыбаева.
Сурет: Хабар 24
Шерхан Байзенов анасының ауырып жатқанын айтып, соттан өзін бас бостандығынан айырмауды сұрады. Сөз соңында сотталушы көз жасына ерік берді.
Шерхан Байзеновке қандай үкім кесілетіні бүгін белгілі болады.
Танымал қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні Алматының орталығында ұрылардың қолынан өлді. Спортшы олардың көлігінің айнасын ұрлағалы жатқан жерден үстінен түсіп, кейін соңдарынан жүгіреді. Осы кезде ұрылардың бірі Денис Тенді пышақпен жарақаттайды. Араға бірнеше сағат салып Денис Тен көп қан жоғалтқандықтан, ота үстелінде көз жұмды.