Франциядағы қақтығыстар салдарынан қаза тапқандар арасында қазақстандықтардың бар-жоғы анықталып жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ҚР СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сыртқы істер министрлігі Страсбургтің көшелерінде орын алған атыс кезінде қаза тапқандар мен жарақат алғандардың арасында Қазақстан азаматтарының бар-жоғын анықтап жатыр.
«Франциядағы дипломаттарымыз жергілікті құқық қорғау органдарымен тығыз байланыста. Францияда жүрген азаматтарымыздың естеріне саламыз, төтенше жағдай туындаған кезде шетелдегі мекеменің және ҚР Сыртқы істер министрлігінің сайттарында көрсетілген байланыстар арқылы елшілікке дереу хабарласыңыз», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, Бірнеше сағат бұрын Францияның Страсбург қаласының орталығында белгісіз біреу оқ атқан. Салдарынан үш адам қаза тауып, 12 адам ауруханаға жеткізілген. Зардап шеккен жеті адамның жағдайы ауыр халде. Оқ атқан адам полициямен қақтығыс кезінде жарақат алғанына қарамастан, оқиға орнынан қашып кеткен.