Еліміздің 5 облысында ауа райына байланысты жол қозғалысына шектеу қойылды. Бұл туралы ҚазАқпарат «Қазавтожол» ЖШС-на сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Серіктестік таратқан мәліметтерге қарағанда, Астана қаласы бойынша сағат 19:00-ден бастап ауа райының қолайсыздығына байланысты (қатты аяз) «Астана - Павлодар» тасжолы барлық автокөлік түрлері үшін жабық. Ал сағат 20:00-ден бастап республикалық, облыстық және аудандық автожолдарда барлық бағытқа дизель жанармайымен жолаушы және жүк таситын көлік түрлеріне шектеу қойылды.
Ақмола облысында сағат 20:00-ден бастап республикалық, облыстық және аудандық автожолдарда дизель жанармайымен жолаушы және жүк таситын көлік түрлеріне барлық бағыт бойынша шектеу қойылды.
Қарағанды облысында сағат 17:00-ден бастап «Молодежный - Павлодар обл. шекарасы» («Қызыл-Орда - Павлодар» а/ж 1066-1135 км) автожолының барлық бағыты бойынша жол жабылды. Солтүстік Қазақстан облысында 17:00-ден бастап, республикалық, облыстық және аудандық автожолдарда барлық бағытқа дизель жанармайымен жолаушы және жүк таситын көлік түрлеріне шектеу қойылды.
Павлодар облысында сағат 19:00-ден бастап республикалық және облыстық маңызы бар автокөлік жолдарында көліктер үшін жол жабылды.
Шығыс Қазақстан облысында сағат 17:00-ден бастап 25 желтоқсан күні сағат 08:00-ге дейін республикалық маңыздағы «Омск-Майқапшағай» (667-587 км, Бесқарағай а.-Павлодар обл. шек.) автожолдары маршруттық рейстік жолаушылар тасымалдайтын көлік құралдарына, сонымен қатар дизельді қозғалтқышпен қамтылған автокөліктердің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды.
Ал сағат 19:00-ден бастап республикалық маңыздағы «Омск-Майқапшағай» (667-587 км, Бесқарағай автожолының Павлодар обл. шек.) автожолының учаскесінде барлық көлік түрлері үшін қозғалыс жабық.