Алматыда ер адамнан 2,5 келі есірткі зат тәркіленді

04.10.2018 21:35

Алматыда Мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері психотроптық затты анықтады. Қолға түскен ер адам 2 жарым келіден асатын амфетаминді сақтап келген. Белгілі болғандай, ол есірткі тектес затты Еуроодақ елдерінен пошта арқылы алыпты.

Дерек ретінде айта кетейік, соңғы 5 жылда елімізде 185 тонна түрлі есірткі заты тәркіленген. Оның 19 мыңы есірткімен жасалған қылмыстарға қатысты, 13 мыңы – есірткі заттарын сақтап келген болса, қалған 1 300 келісі контрабанда арқылы жеткізілген.

Есірткіні таратудың алдын алу мәселелері осы күндері Алматыда кеңінен талқыланып жатыр. Халықаралық конференцияға Орталық Азияның 5 елінен келген сарапшылар, Ішкі істер министрлігі мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты. Мамандар оңтүстік өңірлерде есірткіні пайдаланатын жағдайлардың көбеюі салдарынан бақылау жүргізетін орталық ашпақ ниетте.

«Еуроодақта тыйым салынған заттардың тізімі бар. Барлық елде бар деп ойлаймын. Бірақ ондай тізімдер есірткіні пайдаланушылардың санын азайтуға септігін тигізбейді. Спайс пен тұзды пайдалануға заң жүзінде шектеу қоя алмаймыз. Өйткені, олар тыйым салынған заттар тізіміне енбеген. Басқа кешенді жұмыс атқару қажет. Алдымен оған деген сұранысты азайтып, халық арасында ақпараттық насихатты кеңінен жүргізу тиімді болмақ», – деді TRIMBOS институтының энергетикалық заттар бойынша сарапшысы (Голландия) Дан Ван Дер ГАУ.

Ресми деректерге сүйенсек, елімізде 23 мыңнан астам нашақор тіркеуде тұр екен. Олардың 125-і кәмелет жасына да толмаған, ал 1 700-ден астамы – әйелдер. Дегенмен, есірткіге тәуелділердің саны бес жылда 33 пайызға төмендепті.