Алматыдағы мектеп-гимназияда полицейдің баласы оқушыларға күш көрсетіп келген

Алматыдағы мектеп-гимназияда полицейдің баласы оқушыларға күш көрсетіп келген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда полиция қызметкерінің баласы мектепте оқушыларға әлімжеттік көрсеткен. 10-сынып оқушысы өзінен кіші балалардың ұялы телефонын тартып алып, ақша талап етіп, донер мен газдалған сусын сұрапты.

Бұл туралы 31 арнаға сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.

Қаладағы беделді гимназиялардың бірінде полиция қызметкерінің баласынан жәбір көрген оқушылардың ата-аналары шу шығарды. Олар полицияға да шағымданыпты.

«Балам ешқашан шағымданбайтын. Әлімжеттік туралы маған мектептен хабарласты. Баламды сұрақтың астына алдым. Сөйтсем, оныншы сынып оқушысы жүйелі түрде телефонын тартып алып, ақша сұраған, басқа да бұйрықтар берген. Тек менің ұлыма емес, басқа оқушыларға да бірнеше рет әлімжеттік жасапты. Директормен сөйлессек, ол оқушыға бұған дейін де бір шағым түсіпті», – дейді ата-аналардың бірі.

Өзге оқушылардың ата-аналары әлімжеттік туралы шағымданғанымен, олардың біреуі ғана құқық қорғау органдарына арыз жазыпты. Ал мектеп басшылығының сөзінше, өзінен кішілерге күш көрсетіп жүрген оқушының әкесі полиция қызметкері екен. Бұл оқиғадан кейін полицей баласын басқа мектепке ауыстырмақ.

«Бүгінгі таңда балалармен алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Барлық шаралар қолданылуда. Директордың орынбасарлары ескерту алды. Балалардың барлығымен түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз», – дейді №176 мектеп-гимназия директорының орынбасары Нұрбек Өтебаев.

Бүгінде аталған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Сурет: Tengrinews.kz/Тұрар Қазанғапов


Новости партнеров