|
20.11.2018 | 10:40
12076

Димаш Құдайбергеннің Лондондағы қайталанбас шоуы қалай өтті?

Димаш Құдайбергеннің Лондондағы қайталанбас шоуы қалай өтті?

Димаштың шоуында 2800 адамға арналған концерт залы лық толы болды.

Сейсенбі 19 қарашада Лондонда Димаш Құдайбергеннің жеке концерті өтті.

Айрықша шоу Қазақстанның Ұлыбританиядағы мәдени күндері аясында ұйымдастырылған, деп хабарлайды Sputnik.

«Indigo at the O2» концерт залы лық толып, қазақстандық әншінің табынушылары әлемнің түкпір-түкпірінен жиналды. Барлығы 45 елден тыңдармандар келіпті.

Сағат 17:30 бастап халық жинала бастап, есік алдында ұзын-сонар кезек пайда болды. Концерт басталмай тұрып Димаштың сахнаға шығуын асыға күткен көрермендер оның есімін ұрандатып, айтып тұрған.

Екі сағатқа созылған концерт өте жоғары деңгейде өтіп, баршаның көңілінен шықты. Әр нөмірдің декорациясы да, костюмі де әртүрлі болған. Жанды дыбыс пен Димаш Құдайбергеннің дауысы құлақтың құрышын қандырып, әрбір жанды елітіп әкеткендей болды дейді шоу ұйымдастырушылары.

Кеште бірінші Димаштың «Қазақстан, алға» әні орындалды.

Димаш Құдайберген концерт бойы көрермендермен тілдесіп, сондай әңгімелердің бірінде халыққа қазақ тілін үйретуге тырысты. Бұл да тыңдармандардың жүрегін тебірентті. Халық сахнада орындалған әрбір әнге беріліп, қосыла шырқап тұрды.

Әндердің бірі кезінде Димаш фан-зонадағы көрермендерге пиджагін лақтырды. Бір ерекшелігі, бұл зонадағы көрермендер қойылымның ажырамас бөлігіндей болып, концертке бастан-аяқ қатысты.

Концерт барысында халықтың жүрегінен орын алған әндермен қатар, жаңа туындылар да таныстырылды: Adajio, Дайдидау, Сағындым, M. Jackson Tribuet, The Show Must go on, Лейла, If I Never Breathe Again және тағы басқалары.

«Іndigo at the O2» сахнасында Игорь Крутойдың «Любовь уставших лебедей» әні де шырқалған.

Шоудың шарықтау шегі Димаш сол кеште өзінің жан досы, қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің рухына арнаған «SOS d'un terrien» композициясы болған еді. Димаштың орындауы жиналған қауымды елжіреткені сонша, ду қол шапалақ ұзақ уақыт тоқтамады.

Шоу барысында әнші бірнеше образды алмастырды. Концертте ән айтып қана қоймай, түрлі аспаптарда ойнап, би билеген.

«Көздері жанып тұрған, шынайы көрерменнің алдында өнер көрсетіп, өзіңнің сүйікті әндеріңді орындағанда, концерттен қандай әсер алғаныңды бірден жеткізу қиын. Бір-ақ нәрсені айта аламан, мен өте қуаныштымын», - деп жүрек жарды сезімін жеткізді Димаш Құдайберген.

Әншіге қолдау көрсетуге британ жұлдызы, жас  R`n`B орындаушысы Талия Сторм (@tallia_storm) келді. Ол достарымен бірге қазақстандық әншінің өнеріне тәнті екенін айтып, алғашқы жеке концерті Лондон қаласында өткеніне шын жүректен қуанышты екенін жеткізді.

Естеріңізге сала кетсек, билет сатудан түске қаражат халықаралық байқаулар мен концерттерге қатысатын Қазақстанның жас дарындарын қолдауға жұмсалмақ. Кезінде Димаштың өзі де осы бағдарламаға қатысқан болатын.

«Шетелде жас дарындарды қолдау бағдарламасы он жылдан бері қызмет етіп келеді әрі мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Осы бағдарлама аясында біз дарынды жастарымызды халықаралық байқауға қатысуға аттандырамыз. Осы жылдар ішінде көптеген дарынды жастарымызды бәйгеге қостық, оның ішінде Димаш та бар. Ол мәдениет және спорт министрлігі атынан Славян базарына қатысты, Түркия мен Финляндияда еліміздің атынан өнер көрсетті, сондай-ақ Қытайдағы «I'm the Singer» шоуына қатысты», - дейді ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Ақтоты Райымқұлова.

Димаштың шоуын мәдениет және спорт министрлігі Қазақстаның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігіндегі елшілігінің қолдауымен ұйымдастырған.


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир