Үкімет басшысы вице-министрге сөгіс жариялады

Үкімет басшысы вице-министрге сөгіс жариялады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бақытжан Сағынтаев Ұлттық экономика вице-министріне сөгіс жариялады. Себебі, коммуналдық тарифтер бағасын бақылауда ұстауы тиіс болған Серік Жұманғарин электрқуаты құнының негізсіз шарықтауына жол берген. Бұдан бөлек, Премьер-министр монополисттерді қатаң жазалау жайын да тілге тиек етті. Бұл компаниялар заң аясында жауап беріп, тексеру шаралары көпшілік алдында ашық жүретін болсын деп тасырды Министрлер кабинетінің басшысы.

Қарашаның 7-сі күні Ақордада Президенттің қатысуымен өткен Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев коммуналдық қызметтер тарифтерін заңсыз шарықтатқан монополистерді қатаң жазалауды тапсырған болатын. Министрлер кабинетінің отырысын бастамас бұрын Бақытжан Сағынтаев олқылық жіберген компанияларға қатысты жұмыс жете тексерілетінін айтты. Прокуратура мамандарымен үйлестірілген шаралар екі аптадан соң Үкімет сағатында талқыға салынатынын мәлімдеді.

«Тарифтерді жасанды түрде көтеру есебінен пайда тапқан монополистер мен басқарушы компаниялар заң бойынша жауап беруі тиіс. Тексеру жұмыстары көпшілік алдында ашық жүретін болсын», – деді ҚР премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Ал Энергетика министрі Қанат Бозымбаев еліміздегі негізгі электр станцияларын тексеру жұмыстары аяқталғанын мәлімдеді. Бұдан бөлек, электр қуатын өндіретін компанияларға қажетті тауарлы газ құны келер жылдың 1 қаңтарынан бастап төмендейтінін айтты. Бұл өз кезегінде электр қуаты тарифтерінің арзандауына септігін тигізетін болады.

«2019 жылдың бірінші қаңтарынан бастап тауарлық газдың түпкілікті бағасын өңірге байланысты газ пайдаланатын электр станциялары үшін тарифті 6-дан 15 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді. Тиісті бұйрық ағымдағы жылдың қараша соңына дейін жоспарлануда», – деді ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ.

Тимур Сүлейменов 10 табиғи монополия субъектісінде жылу тарфитерінің 4,5 миллиард теңгеге төмендегенін алға тартты. Бұл Астана мен Алматы қалалары, Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында орын алған өзгеріс. Жағымды жаңалық Премьер-министрді қуантқанымен, Бақытжан Сағынтаев Тимур Сүлейменовтің орынбасары Серік Жұманғаринге сөгіс жариялады.

«Ұлттық экономика министрлігінің Монополияға қарсы комитеттің, оның аумақтық бөлімшелерінің жұмысын тәртіпке келтіруін қолдаймын. Оған қосымша мәлімет ретінде, менің Өкіміммен Ұлттық экономика вице-министрі, яғни осы саланың кураторы Серік Жұманғаринге сөгіс жарияланды», – деді ҚР премьер-министрі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Отырыста Үкімет басшысы жаңа жылдан бастап электр қуаты мен жылудың тарифтерін ғана емес, су, газ, кәріз жүйесі, тіпті интернеттің бағасын төмендетуді талап етті. Сондай-ақ, Денсаулық сақтау және Білім министрлеріне медициналық қызметтер ақысы мен жоғарғы оқу орындарындағы оқу бағасын да арзандатудың айла-амалдарын қарауын сұрады.


Салтанат Нысанбек, «Алматы» телеарнасы, Астана



Новости партнеров