Нұрсұлтан Назарбаев төрағалығымен дін көшбасшыларының VI съезі басталды

10.10.2018 22:30

Әлемнің дін көшбасшылары ғалам жұртын бейбітшілікке шақыруы керек. Әрбір діннің өкілі пәтуа, энциклика немесе өзге жолдау жолымен жаһанды жайлаған соғысты тоқтатуға барын салуы тиіс. Президент Нұрсұлтан Назарбаев Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алтыншы съезінде осындай ой білдірді.  

Екі күнге созылатын әлем дінкөшбасшыларының басқосуында түрлі наным-сенімді ұстанған тұлғалар жаһандық қауіпсіздік, құбылмалы геосаяси жағдайындағы діндер, оның алдындағы сын-тегеуріндер, экстремизм мен терроризмді еңсеру жолын талқылайды. Жиынға төрағалық еткен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев адамзат бөлінбей, біріккен де ғана жер бетінде тыныштық табатынын айтты. Ол үшін әр адам өз білгенінше бейбітшілікті насихаттауы керек деді ол.  

«Ең қауіптісі, адамдардың ойы мен жүрегінде өзара бөлінісінің күшея түсуі. Қазір бәрі бірігуге емес, бәсекелестікке, бақталастыққа құмар. Әлем елдері халықтың өркендеуі үшін бірлескен жобалар құрудың орнына, бір-бірін жойып жіберетін құралдар жасауда. Бұл тығырыққа тірейтін жол. Сондықтан біздің ортақ міндетіміз – түсіністікте алға жылжу жолына қайтуымыз керек. Уақыт жоғалтуға болмайды», – деді Қазақстан Республикасының президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Президент әлемде білімнен құр қалып, әріп танымайтындар саны 750 миллион адамға жетіп, туған жерінде тұруға қолайсыз болғандықтан, елінен қашқан босқындар саны 65 миллионға жақындағанын да айтты. Елбасы трансшекаралық су көздерінің мәселесін де пысықтады. Оның сөзінше, жер шарында осындай 260 су көзі бар. Онымен адамзаттың 40 пайызы күн көреді. Дәл сол өмір нәрі екі елдің арасында орналасқаннан кейін өзара бөлісу де қиынға түсіп отырғанын айтып өтті Президент. Әлемнің 46 елінен келген 82 делегат кезекпен өз пікірлерін білдірді.

«Жер бетінде соғыстың өршуіне мемлекеттердің қаруландыруға, басқа салалардан гөрі әскери-өндірістік кешенге көбірек қаражат бөлуі артты. Осының бәрі де соғысқа қатысты айтарлықтай үрей тудырып отыр. Дәл осы үрей жүйке жүйесінің сыр беруіне себепші болып, соңы соғысқа ұласып келеді. Терроризм және қылмыспен қатар, исламофобия толқыны сезіледі. Бұл толқынның лебі қазірдің өзінде көптеген мемлекеттерде бар, ол жасырын емес», – деді Ресей мүфтилер кеңесінің төрағасы Равиль ГАЙНУТДИН.

Жиын барысында Елбасы дінбасшыларына бейбітшілікті насихаттайтын ортақ ақпараттық портал ашуды ұсынды. Соңғы техника тілімен бағдарланатын мәліметтер жүйесін әлемнің әр түпкірінен дін туралы сұрағы туындаған адам қолдануын да қарастырған жөн деді Нұрсұлтан Назарбаев. Естеріңізге салсақ, алтыншы рет өтіп жатқан съез әр 3 жыл сайын өтеді. Басқосуда әр жылы дін мен адамзатқа төнген қауіп-қатер жайы талқыланады.


Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана