WBC Головкиннің «Канеломен» үшінші жекпе-жекке қатысты жоспарын жариялады

01.10.2018 16:00

Дүниежүзілік бокс кеңесінің (WBC) басшысы Маурисио Сулейман қазақстандық Геннадий Головкиннің (38-1-1, 34 КО) мексикалық Сауль Альвареспен (50-1-2, 34 КО) үшінші жекпе-жегі өтетінін жоққа шығармайды, деп хабарлады Sports.kz. 

Сулейман «Канело» өз белбеуін «уақытша» чемпион Джермалл Чарлоға (27-0, 21 КО) қарсы қорғауға міндеттелетінін айтты, алайда мексикалық желтоқсанда титулдарын өз еркімен қорғауы да мүмкін екен. Сонымен қатар, WBC президенті Головкин рематчта жеңілгеннен кейін Альвареске үшінші жекпе-жекті өткізу жайлы ұсыныс жасағанын да ескеру керек деп есептейді. 

«Канело» белбеуін қорғауға міндеттелуі мүмкін, алайда өз еркімен қорғайтын жолдары да бар. Сондай-ақ біз Головкин реванш сұрағанын білеміз. Әзірге бұл жекпе-жек ресми жарияланған жоқ, алайда ол оны өткізгісі келетінін білдірді», — деп атап өтті Сулейман. 

Головкин шынымен де «Канеломен» үшінші жекпе-жек өткізуге дайын екенін айтқан болатын, алайда, оның айтуынша, жекпе-жектің шарты екі жақтың да көңілінен шығатындай болуы тиіс.

Айта кетейік, бұған дейін GGG бапкері Абель Санчес екі жекпе-жектегі төрешілердің шешімі бокс жанкүйерлерінің көңілін қалдырғанын мәлімдеген еді.  

«Өкінішке қарай, мұндай шешімдердің салдарынан бокс фанаттарын жоғалтып жатырмыз деп ойлаймын. Иә, бұл жекпе-жек итжығысқа жақын болды, алайда Геннадий одан жеңілген жоқ, жай ғана төрешілерден бағасын алмады. Алғашқы жекпе-жек мұншалықты шешуші болмады, өйткені белсенді әрекет жасалған жоқ. Бұл кездесуде, Геннадийдің қалай жұдырықтасқанын ескерсек,  есеп кем дегенде 7-5 болуы керек еді. Әлеуметтік желілерде де осыны айтып шулап жатыр», — деді Санчес The Ring-ке берген сұхбатында.