Аустралияның Маунт-Карбайн қаласында ромбты питон үйге кіріп кетіп, күшікті өлтірген.
Бұл туралы Daily Mail басылымына сілтеме жасап Stan.kz хабарлайды.
Оқиға түнде орын алған. 9 жасар баланың анасы үйден түсініксіз дыбысты естіпті. Ол жарықты жаққан кезде, ұйықтап жатқан ұлының жанынан ұзындығы 4 метр болатын питонды көреді. Күшікті жұтып қоймақ болған жылан біртүрлі дыбыс шығарған.
Қатты шошыған әйел не істерін білмей, көршісін шақырады. Үйге келген көршісі үлкен пышақпен жыланды көтеріп, артынша оны өлтіріп тастаған. Оның сөзінше, жылан өте үлкен болғандықтан, өлтіруіне тура келіпті.
Әйелдің болжамы бойынша, үйдің кіреберіс есігі ашық тұрғандықтан, жылан сол есік арқылы кіріп кеткен. Ол балаға жақындап келіп, жанында ұйықтап жатқан күшікті буындырып өлтірген.
Ромбты питон – Аустралия, Жаңа Гвинея, Бисмарка архипелагы мен Соломон аралдарында мекендейтін үлкен жылан. Ол улы емес. Ұзындығы 2 метрден 4 метрге дейін, ал салмағы 15 келіге дейін жетеді.