Қазақстандық зілтемірші Илья Ильин Instagram желісінде жан сырымен бөлісті, деп жазды sputniknews.kz.
«Жасым 30-ға келсе де, әлі спортзалдамын... Иә, шаршадым. Иә, қанша қиын болса да, спорттық жолымды Токиодағы алтынмен аяқтағым келеді! Бір кезде алдыма мақсат қойған едім, әлі де соған талпынып келемін. (...) Шаршадым, аяқтағым келеді, бірақ әдемі аяқтауды армандаймын! Ал егер сәті түспесе, бәрібір спорттық жолымда бақытты болдым деп санаймын!» – деп жазды Ильин.
Атап өтсек, ауыр атлет әлеуметтік желіде жиі пост жариялап тұрады. Жақында анасын туған күнімен құттықтады.
Естеріңізге сала кетсек, қазақстандық Илья Ильин допинг дауынан кейін Бейжің-2008 және Лондон-2012 алтын медальдерінен айырылды. Спортшы дисквалификация алса да, жаттығуын тоқтатқан жоқ. Олимпиада жүлделерінен айырылғанына қарамастан зілтеміршінің жанкүйерлері одан теріс айналмады, ол халықтың сүйіктісі болып қала береді.