Алматыда жыл басынан бері 12 мың жаяу жүргіншіге айыппұл салынған

01.10.2018 16:27

Алматыда жыл басынан бері жол ережесін бұзған 12 мың жаяу жүргіншіге айыппұл салынған, деп хабарлайды Қазақпарат.

Қалалық ІІД баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері 1 мың 440 жаяу жүргіншіні қағу оқиғасы тіркелген. Оның 57-сі қаза болса, 1460-і жарақат алды.

Құқық қорғаушылар жол апатына көбінесе жаяу жүргіншілер себепкер болатынын айтады.

«Қала жолдарындағы ахуалды жаяу жүргіншілердің тәртіпсіздігі де жиі ушықтырады. Осы мәселені ескере отырып қалада «Жаяу жүргінші» шарасы өтіп жатыр. Екі күн ішінде ғана 368 адамға айыппұл салынып, ҚР ӘқбК 615 бабы бойынша 12242 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді қалалық ІІД әкімшілік полиция басқармасының басшысы Жандос Мұраталиев.

Полиция жол қозғалысы қарқынды қиылыстарда тексеру-бақылау шараларын күшейтпек.

ҚР заңнамасы бойынша тыйым салынған жерлерден өткен адамдарға ең аз дегенде 2 АЕК көлемінде айыппұл салынады.