Аққулы ауданында төрт мешіт қызметі тоқтатылады

 Аққулы ауданында төрт мешіт қызметі тоқтатылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мүфтият Аққулы ауданына қарасты Қазы, Малыбай, Шақа және Қызылқоғам ауылдарындағы мешіттердің қызметін тоқтату туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Аталған ауданнан бөлек, Ақтоғай ауданындағы Айтым, Шолақсор, Тереңкөл ауданындағы Жасқайрат және Шарбақты ауданындағы Малиновка ауылдарындағы ғибадатханалардың жұмысы тоқтатылмақ. Бұл туралы облыстық Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Дәулет Зәкәриянов мәлімдеді.

«Бұл аталған шалғай ауылдардағы халық санының азаюына байланысты туындаған объективті жағдай. Жабылған мешіттерді заңды тіркеуден шығарып, алдағы уақытта оларды намазхана ретінде тіркеуді жоспарлаудамыз. Дейтұрғанмен, діни орындарды салу бастамалары көптеп түсуде», - деді Дәулет Зәкәриянов.

Дәулет Зәкәрияновтің айтуынша, Ақсу қаласына қарасты ГРЭС және Путь Ильича, Шарбақты ауданына қарасты Арбиген ауылдарында мешіт құрылыстары аяқталуға жақын. Сонымен бірге, таяуда Май ауданы Малайсары аулының мұсылмандарына ескі мешіттің орнына салынған жаңа ғибадатхана пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар, биыл өңірімізде жаңа православ приходы ашылды. Иоанн-предтеча деп аталатын бұл діни орын Шарбақты ауданы Орловка ауылында пайдалануға берілді.

Айта кетейік, қазіргі кезде облысымызда түрлі діндердің 135 ғибадатханасы жұмыс істейді. Олардың 94-і мешіттер, 19-ы православ шіркеулері, төрт – католик шіркеулері, 17 – протестант сыйыну үйлері және бір иудей синагогасы.


Новости партнеров