«Чукотка» барындағы төбелес үшін сотталған Александр Кузнецов Түркияға ұшып кеткен. Бұл туралы бүгін сот отырысында белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сотта полиция өкілі хабарлағандай, 22 тамызда Бостандық аудандық ІІБ-не Алматы облысы сотының қаулысы түсті. Онда Кузнецовтың жазасын айыппұлмен ауыстыру туралы шешімді бұзу қажеттігі туралы айтылған.
Тәртіп сақшылары Кузнецовты тауып, колонияға қайтаруы тиіс болатын. Бірақ олар сотталушыны үйінен таба алмады. Кузнецовтың көршілерінің айтуынша, ол үйінде болмаған. Кейін белгілі болғандай, Кузнецов 13 тамызда Қазақстан шекарасынан шығып кеткен. Turkish airlines рейсімен Алматы-Стамбул бағытына шығып, қайтып оралмаған.
Сотталушының қорғаушысы Алма Мусинаның айтуынша, іс материалдарында Кузнецовтың анасының жазбаша сұрақ жауабы енгізілмеген. Сонымен қатар, үйіне барған полицияның рапорты бар. Құжатта 7 тамыз деп көрсетілген. Алайда, апелляциялық сот шешімі 14 тамызда шыққан.
Сот істі қарауды кейінге қалдырып, келер отырыста оның анасынан жауап алу қажет деп шешкен.
Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылы «Чукотка» барының алдындағы төбелес кезінде Сырым Мұратқалиев көз жұмған болатын. Сол жылдың маусымында бірінші сот инстанциясы Кузнецовты абайсызда адам өлтіріп алғаны үшін 1,5 жылға бас бостандығынан айырған болатын. Кейінірек, Алматы қалалық сотының апелляциялық алқасы «Соңы адам өліміне алып келген адам денсаулығына қасақана нұқсан келтіру» бабымен 8 жылға бас бостандығынан айырды. Кузнецов жазасын Алматы түбіндегі Заречный ауылындағы түрмеде өтеп жатқан еді.
2018 жылдың 2-шілдесінде Александр Кузнецов түрмеден босап шықты. Сот оның өтелмеген 5 жылын айыппұлмен жабу туралы шешім қабылдады.
Кейін Алматы облыстық сотының апелляциялық алқасы адам өлтіргені үшін істі болған Кузнецовты колонияға қайтару жөнінде шешім шығарды.
Сот үкімі шығатын күні Александр Кузнецовтың Қазақстаннан кетіп қалғаны белгілі болды.