Мәжіліс төрағасы жастардың жұмыссыз жүруінің себебін түсіндірді

Мәжіліс төрағасы жастардың жұмыссыз жүруінің себебін түсіндірді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда азаматтарды жұмыспен қамту жүйесі 10 жылдан бері жаңармаған. Бүгін Парламенттік тыңдауда депутаттар осылай деп шамданды. Президент әкімшілігі, халық қалаулылары, сарапшылар мен шетелдік мамандар қатысқан жиында отандық білім ордалары сұранысы жоқ мамандықтардың қажетсіздігін сөз қылды. Сонымен қатар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мемлекетке еш пайда әкелмейді екен. Өйткені, бұл жүйені реттейтін заң жоқ.

Елдің сыртқы және ішкі жағдайы айтылатын Парламенттік тыңдау осы жолы қазақстандықтарды жұмыспен қамту тақырыбында өрбіді. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы Қазақстан цифрландыру мен автоматтандыруға өтсе, елдегі жұмысшылардың 30 пайызы нәпақасынан айрылатынын жеткізді. Осы орайда, ол мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардағы адамдар жұмыссыз қалмау керек екенін ескертті. Төраға еңбек нарығына мамандар дайындайтын оқу ордаларына ескерту жасады.

«Білім беру мекемелерінде мамандарды даярлау нарық талаптарына сай болмай отыр. Себебі, кадрларға деген сұранысқа терең талдау жасалмайды. Білім беру саласы қазіргі талапты толық орындамай отыр. Сол себептен де, студенттер жастарға оқуын бітіргеннен кейін мамандығы бойынша жұмыс табу қиын», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің төрағасы Нұрлан НЫҒМАТУЛИН.

Мәжіліс төрағасының айтуынша, кадрларға деген сұранысқа терең талдау жасалмайды. Білім беру бағдарламалары қоғамда қалыптасқан талаптарды орындамай отыр екен. Нәтижесінде, студент жастарға оқуын тәмәмдаған соң, жұмыс табу қиынға түседі. Бұл мәселені шешу үшін алдымен кадрларға деген қажеттілікке мониторинг тиімді жасалуы шарт. Депутат Айгүл Нұркина да мәжіліс төрағасының сөзін қостады.

«Білім беру жүйесі еңбек нарығының сұранысынан қалыс қалмауы керек. Мамандарды дайындау жұмыс берушілердің талаптарына да сәйкес келмейді. 2017-ші жылы 26 мыңнан аса жұмыс орны бос қалған. Сол себепті, қажетті кадрлар тізімін дайындап, жауапты ведомство осы бағытта жұмыс істеуі қажет», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Айгүл НУРКИНА.

Ал республикада 800 мыңнан аса адам жалақыларын әлі де қолма-қол алады. Осы ретте өзін-өзі жұмыспен қамтитындардың жұмысының ашықтығын көрсету үшін бұл кезек күттірмей шешілуі тиіс мәселе. Халық қалаулыларының айтуынша, соңғы 10 жылда жұмыспен қамту жүйесі әбден ескірген. Осы аралықта 5 бағдарлама қабылданғанымен, олардың жұмыс істеу құралдары бәз-баяғы қалпында қалып отыр.

«Біз жаңа технологиялардың дамуымен және цифрландырумен ұштасатын қазіргі заманғы жаһандық өзгерістерді ескеруіміз керек. Жаңарған жағдайларда жұмыс сапасына, біліктілігіне жаңа талаптар қойылатын болады. Ескі кәсіптердің өзгеруі немесе тіпті, жоғалып кетуі де және болашақта жаңа кәсіптер пайда болады деп болжанады», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ерболат ДОСАЕВ.

Үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаевтың ойынша, жұмыс күшінің сапасына, біліктілігіне жаңа талаптар қойылады. 2000-шы жылдардың ортасынан орын алған беби-бум еңбек нарығына қосымша жүктеме әкеледі. Ал «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы қажеттілікті орындауға бағытталған. Бағдарлама іске асырыла бастағалы бері 556 мың қатысушы тұрақты жұмысқа орналастырылыпты. Ал өзін-өзі жұмыспен қамтыған фрилансерлер әзірге зейнетақы жарнасын төлемейді. Өйткені, оны реттейтін заң жобасы елімізде әлі қабылданбаған.

«Жаңа заң мақұлданған соң, Үкімет қаулысын орындау үшін нормативті құжаттарды қабылдауға уақыт беріледі. Ал қазірше жарнаны төлеу міндеттелмейді», – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина ӘБІЛҚАСЫМОВА.

Министр айтылған сындар мен ұсыныстарға қарамастан бейресми жұмыспен қамту көрсеткішінің 37-ден 16 пайызға қысқарғанын жеткізді. Айтуынша, халық жоғары өнімділік саласына ауыса бастаған. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласында жұмыспен қамтылғандар саны екі есеге қысқарыпты. Көбі өнеркәсіптің өндіруші салаларына және қызмет көрсету саласына ауысып жатқан көрінеді.  Жұмыспен қамту ақпараттық-коммуникациялық технологияларда – 52 пайызға, туризмде – 75 пайызға, әлеуметтік салада үштен бір бөлігінен астам көрсеткішке  өсуі салдарынан, экономикада еңбек өнімділігі 2,2 есеге жоғарлаған.

Азамат Әуезхан, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» телеарнасы, Астана



Новости партнеров