Қазақстанда 23 өрт сөндіру депосы апатты жағдайда - Қалмұханбет Қасымов

Қазақстанда 23 өрт сөндіру депосы апатты жағдайда - Қалмұханбет Қасымов
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов өрт сөндіру деполарының тапшылығы сезіліп отырғандығын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде елімізде 422 өрт сөндіру депосы бар. Олардың жартысынан астамы заманауи талаптарға сай келмейтін ғимараттарда жұмыс істейді. 23-ке жуығы апатты жағдайда болса, осыншалықты көлемдегі депо жалға алынатын нысандарда орналастырылған. Тиісті деңгейге жеткізу үшін ел аумағында 137 кешен салу керек. Оның 111-і қалалық жерде, ал  23-і ауылдық жерде қажет», - деді министр.

Осы орайда ол соңғы үш жылда жеті өрт сөндіру депосы салынғанын, оның алтауы республикалық және біреуі жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылғанын атап өтті.

«Ағымдағы жылы жағдай өзгермеді. Республикалық бюджет аясында тек екі депоның, яғни Орал мен Маңғыстау облысындағы нысанның құрылысына қолдау жасалды. Бұл мәселеде Астана, Шымкент қалаларының және Атырау облысы әкімдігінің жұмысын бағалауға болады. Олар жергілікті бюджет қаржысы есебінен әрқайсысы өрт сөндіру депсының құрылысын жүргізуде», - деді Қ. Қасымов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкімет сағатында Ішкі істер министрі еліміздегі көп өрт оқиғалары тіркелген 4 облысты атаған болатын.


Новости партнеров