Суық тигенде қандай қателіктерге жол бермеу керек

Мира Байбек
Depositphotos.com
Depositphotos.com

Антибиотиктерді дәрігердің тағайындауынсыз қабылдауға болмайды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Суық тиюдің алғашқы белгілері байқалғанда антибиотик қабылдау, ауруды елемей күнделікті тіршілікті жалғастыру немесе халықтық емдеу тәсілдерін қолдану денсаулыққа орасан зиян келтіруі мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv

Дәрігерлердің айтуынша, антибиотиктерді дәрігердің тағайындауынсыз қабылдауға болмайды. Өйткені олар вирустарға әсер етпейді, ал қажетсіз қолдану жағымсыз әсерлерге және антибиотиктерге төзімділіктің қалыптасуына әкелуі мүмкін.

Сондай-ақ жарнамада ұсынылатын иммунитетті күшейту құралдарын ретсіз қабылдамаған жөн. Тамақтың айналасындағы теріге йод немесе спирт жағу да ауруды емдемейді.

Суық тиюдің алғашқы белгілері байқалса, не істеу керек?

Дәрігерлер ағзаға тынығуға мүмкіндік беріп, ұйқыны қандыруға кеңес береді. Жылы су, морс немесе қою емес шай ішуге, бөлмені жиі желдетіп, ауаны ылғалдандыруға болады.

Тамақты тәбетке қарай ішіп, жеңіл тағамдарға басымдық берген дұрыс. Мұрыннан су ақса, тұзды ерітіндімен шаюға болады.

Алайда қызуды түсіретін дәрілерді де өз бетінше ретсіз қабылдамаған жөн. Оларды қолдану қажеттілігі адамның жағдайына, жасына және денсаулығына байланысты. Қызу көтерілсе, дәрігердің кеңесін басшылыққа алған дұрыс.

Мамандар дене қызуы сәл көтерілген сайын оны бірден түсіруге тырыспау керек екенін де ескертеді. Сонымен қатар ыстық суға аяқ салу, қайнаған суға немесе картоп буына еңкейіп демалу күйікке әкелуі мүмкін.

Егер бір-екі күн ішінде адамның жағдайы нашарласа, дене қызуы 39 градустан асса, ентігу, қатты ауырсыну немесе сананың шатасуы байқалса, медициналық көмекке жүгіну қажет. Мұндай белгілерді елемеуге болмайды.

Дереккөз: Lenta.ru

Оқи отырыңыз: Алаяқтық қарыздың рәсімделуіне қалай жол бермеу керек