Орал қаласында мектептегі жаппай улануға оқушылардың бірі кінәлі екені анықталды, деп хабарлайды tdk42.kz.
Осыған дейін №40 жалпы орта білім беретін мектептегі оқушылардың жаппай улану оқиғасы бойынша тексеріс жүргізілген болатын. Нəтижесінде бұзақылыққа барған осы мектепте оқитын оқушы қыз бала екені анықталып отыр. Ол мектеп ғимаратының ішіне газды баллонды шашқан болып шықты.
Аталмыш факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Естеріңізге саламыз, 4-қазан күні №40-шы жалпы білім беретін мектепте 15 оқушы мен 27 жасар 1 мұғалімнің денсаулығы күрт нашарлады. Барлығы да бастары айналып, өткір иістен жүрек айну белгілерімен жедел жəрдем көмегіне жүгініп, ауруханаға түскен болатын. Қатты шошынып қалған мұғалімді ауруханаға жатқызылды.
Оларға белгісіз химиялық заттан улану диагнозы қойылды. Осы оқиғадан соң мектептерде қауіпсіздік күшейтілді. Бұл орайда бала тәрбиесімен ата-аналар мен ұстаздардың бірлесе айналысуына көңіл бөлінуде.
Сондай-ақ бейне бақылау күшейтілуде. Білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздікті күшейту мақсатында енді бейне бақылау қондырғыларымен мектеп ғимараттарының барлық бөліктерін қамту көзделуде.