Алматыда өртенген жолаушылар автобусы үшін тасымалдаушы компания жауапқа тартылады. Әрі «Ютонг» маркалы қоғамдық көліктер жаппай техникалық тексерістен өтеді.
Күні кеше қалада іші жолаушыларға толы автобус өртке оранып, елді дүрліктірген еді. Оқиға Абай мен Абылай хан даңғылының қиылысында болған. Абай даңғылымен батысқа қарай бет алған №118 автобустың артқы жағынан от тұтанады. Жүргізуші қозғалысты тоқтатқан бойда көлік ішінен жолаушылар қашып шығады. Абырой болғанда жарақаттанғандар жоқ. Ал жолаушылар көлігі басқармасының өкілдері «Ютонг» автобустарынан бұрын-соңды мұндай оқыс оқиғаға тіркелмеген дейді.
«Бірінші рет болып тұр, моторлық бөлігінде тұйықталу болып, содан өрт шыққан. Өртті моторлық бөліктегі өрт сөндіргіш құралдар автоматты түрде өшірді. Жолаушылар арасында жарақат алған адам жоқ», – деп пікір білдірді Алматы қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бас маманы Шыңғыс БАЙҚАДАМОВ.
Еске сала кетсек, осыдан бір ай бұрын ғана қалада ЛиАЗ маркалы автобустан да от шыққан еді. Ол кезде тілсіз жау қоғамдық көліктің артқы дөңгелегінің тұсынан тұтанып, көлікті айтарлықтай зақымдаған болатын.