Өңірлерде азық-түлік тауарларының бағалары қалай өзгерді

Өңірлерде азық-түлік тауарларының бағалары қалай өзгерді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздің бірқатар қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының шамалы төмендеуі байқалды. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру жөнінде баяндаған ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жалпы алғанда жылдың басынан бері республика бойынша барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының шамалы өсуі байқалады.

«Ең жоғары бағалардың өсуі қант бойынша - 17,6, күріш -11,3, қырыққабат - 8,6 пайыз болды. Сонымен бірге, кейбір тауарлар түрлері бойынша бағалардың төмендеуі байқалады. Олар қарақұмық жармасы - 27,2, картоп - 22,3 және пияз -16 пайызға арзандады. Өңірлер кескінінде жалпы барлық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларының ең жоғары өсуі Түркістанда - 4,7, Шымкентте - 4,5, Жезқазғанда - 3,7 пайыз байқалды. Алматы, Ақтау, Қарағанды, Қызылорда, Орал, Семей қалаларында 1 пайызға дейін бағалардың төмендеуі тіркелді», - деді ол.

Оның айтуынша, көкөніс өнімдері бағаларының ауытқуының негізгі себебі маусымға байланысты. Бұған қоса әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағалардың шамалы өсуі ұлттық валютаның құнсыздануына байланысты орын алған. Мұнан бөлек, азық-түлік тауарларына бағалардың өсуіне өнімнің өзіндік құнына тікелей әсер ететін тауарлар мен қызметтердің бағаларының өсуі әсер еткен.

«Мысалы, 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында дизельдің бағасы - 17,2, электр қуаты - 3,5, жылу - 3,5, газбен қамтамасыз ету - 4,8, қоқыс шығару - 3, суық су - 4,4, кәріз желісі 3,2 пайызға өсті», - деді Арман Евниев.

Новости партнеров