Алматыда қант тапшылығы қолдан жасалуда

Алматыда қант тапшылығы қолдан жасалуда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда қант құнының қымбаттауына арадағы алыпсатарлардың заңсыз әрекеті себеп. Осылай деген қалалық Ауыл шаруашылығы басқармасының мамандары күнделікті сауда орындары мен базарлардағы азық-түлік тауарларына мониторинг жасалып жатқанын алға тартты.  Олардың айтуынша, соңғы апта ішінде қант бағасы негізсіз көтерілген.

«Қант бағасының көтерілуі алыпсатарлық сипатқа ие. Қанттың тапшылығы туралы ақпаратты ести сала, жеткізушілер мен өткізушілер базардағы бағаны әдейі көтеріп жіберген. Алыпсатарлар қолдан тапшылық жасап отыр. Тұрақтандыру қоры тауар интервенциясын жоспарлы жүргізуде. Оның үстіне, қор отандық өндірушілерден тағы 1,5 мың тонна қант сатып алмақ», – деді Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Дамир ТАЗАБЕК.

Анықталғандай, өнімнің өзіндік құны 40 пайызға дейін көтерілген. Ал ірі сауда орындарында қант бағасы өспепті. Қазіргі кезде қаладағы бір келі шекердің орташа бағасы 245 теңге тұрады. Алматыға жеткізілетін өнімнің әр тоннасы – 220 мың теңге.

Еске салсақ, 1 қазаннан бастап Алматы және Жамбыл облыстарында 150 мың тонна қант өндіретін 3 зауыт іске қосылады. Демек, бағаның  көтерілуіне еш негіз жоқ. Бұдан өзге, қазірдің өзінде қала қорларында 10 мың тоннадан астам  қант бар.





Новости партнеров